Қазақстанда Қылмыстық кодекске есірткі құралдарымен байланысты қылмыс жасағандар үшін жазаны қатаңдатудың жаңа шаралары енгізіліп жатыр. Мысалы, жаңа 297-бап енгізіледі, онда ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында есірткі қылмысын жасаған адамдарға, білім беру ұйымдарында есірткіні сатқан кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны қатаңдату көзделеді. Сонымен қатар өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, есірткі қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді қылмыстың осы түрлері үшін 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, заңда прекурсорлар мен күшті әсері бар заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша өзге де шаралар қабылданған. Осы мақсатта есірткі, прекурсорлар мен күшті әсері бар заттарды өндіру үшін пайдаланылатын прекурсорлар мен күшті әсері бар заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы
үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
«Прекурсорлар – бұл металлургия, фармацевтика, химия, мұнай-газ және басқа салаларда қолданылатын қос мақсатты заттар. Бұрын прекурсорлар контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік болған. Енді заңмен ел аумағындағы прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік толығымен енгізіледі», – деді Қуандық Әлжанов.
Комитет төрағасының орынбасары бұл өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсері бар заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу және есірткі өндіру үшін қолдану мақсатында олардың айналымын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты.