Ағымдағы жылдың екі айында ішкі істер органдары 1,5 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның 600-ден астамы – қылмыстық құқық бұзушылықтар. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен жылмен салыстырғанда шамалы өсім бар, бұл біздің жұмысымыздың жанданғанын дәлелдейді. Есірткі қылмысы-қылмыстың жасырын түрі. Сондықтан екі айдағы статистика есірткі қылмыстарының өскенін көрсетеді. Осылайша, заңсыз айналымнан есірткі заттары көбірек алынып тасталды және олар түпкілікті тұтынушыға жете алмады», – деді ол.
Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің ішкі істер органдары 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген, оның ішінде 120 келі есірткінің синтетикалық түрі, 140 келіден астам гашиш, 600 грамм кокаин бар.
Қуандық Әлжанов ішкі істер органдары өз жұмысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті, кеден қызметтерімен өзара іс-қимыл жасайтынын, есірткі құралдарын контрабандалық әкелудің жолын кесу жөнінде шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.