Мұндай жағымды жаңалықты Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, аталмыш бастамаға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұйытқы болған.
Бүгін Әлібек Әлденей Бүкіләлемдік театр күні қарсаңында жұмыс сапарымен С.Сейфуллин атындағы Академиялық қазақ драма театрына барғанын мәлімдеді. Онда ол театр ардагерлерімен кездесіп, қордаланған мәселелердің жайын тыңдағанын айтты.
Өнер майталмандары облыс әкімінің орынбасарына ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, алыс-жақын жерлерден келіп қызмет етіп жүрген жастарға қолдау көрсету, сондай-ақ, баспана мәселелерін жеткізген.
Әлібек Үсенұлы көтерілген проблемалар өңір басшысының және тікелей өзінің жеке бақылауында екенін жеткізе отырып, қуанышты жаңалығымен бөлісті.
«Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдұлаұлының бастамасымен биыл мәдениет және өнер саласы қызметкерлері үшін сыйақы көлемі екі есе артып, 2 млн теңге көлемінде болады. Ал «Кәсібіне адалдық» номинациясы бойынша марапатталатын дарын иелері 4 млн теңгені қанжығасына байлайды» деп жазды Ә. Әлденей өз парақшасына.
Айта кетейік, қарағандылық өнер ордасы өздерінің 100-жылдықтарына орай ауқымды жобалар жоспарлап отыр. Солардың бірі өткен ғасырдың 70-ші жылдары қойылған «Макбетті» заман талабына сай жаңғырту күн тәртібінде тұр.