Үкіметте өңірлердегі инвестициялық жобаларға қажетті инфрақұрылымның тізімі әзірленеді

Үкіметте өңірлердегі инвестициялық жобаларға қажетті инфрақұрылымның тізімі әзірленеді

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Қазақстанның ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 3,9%-ды құрайды. Саланың биылғы экономикалық өсімінің міндеті – өткен жылдың көрсеткішіне +2%-ды қамтамасыз ету. Биылғы екі айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,2%-ға ұлғайып, 434,1 млрд теңге болды. АӨК субъектілерін ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тәсілдерін іске асыру есебінен жоспарланған индикаторға қол жеткізу қарастырылып отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың дерегінше, көктемгі егіс жұмысын жеңілдікпен несиелендіруге қол жеткізудегі маңызды фактор – 2024 жылы несиені ӘКК арқылы алудың мүмкіндігі. Енді шаруалар көктемгі егіс жұмысына алты арна арқылы жеңілдігі бар несие ала алады: Аграрлық несие корпорациясы, ӘКК, екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, өңірлік инвестициялық орталықтар және МҚҰ. Бүгінде жалпы сомасы 367,3 млрд теңгеге 5 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Берілген несие көлемі бойынша ӘКК көш бастап тұр (берілген қаражаттың жалпы көлемінің 39%-ы).

Сонымен қатар кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер үшін көктемгі дала жұмыстарына арналған қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Осы жылы жалпы кепілдік сомасы 85,9 млрд теңгеге 502 кепілдік берілді. Қарыз сомасы 101,1 млрд теңге. Өткен жылы 80 млрд теңге кепілдік сомасына 401 өтінімге кепілдік берілді. Несие сомасы 94,2 млрд теңге.

Азық-түлік өнімін өндіру саласында биылғы екі айда қант өндірісі (15,2 мың тоннадан 65,6 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 26,7%-ға, шұжық өнімі 12%-ға, сары май 11,2%-ға, ұн 6,8%-ға және ашытылған сүт өнімі 3,5%-ға өсті. Азық-түлік өндірісін одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Жоспар шеңберінде 2024 жылы 30 млрд теңгеден астам сомаға 37 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Бұл ірімшік, ет өнімі, өсімдік майы, жарма және басқа да өнімдер өндіретін кәсіпорындар. Алдағы үш жылда 176 млрд теңгеден астам сомаға 58 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Өңдеу кәсіпорындарына көктемгі егіс жұмысын несиелендіруге ұқсас айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5%-бен 48,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр», — деді Азат Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігін тыңдағаннан кейін вице-премьер өңірлердің алдына АШМ ұсынымдарын ескере отырып, егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастыру міндетін қойды.

«Сұранысқа ие және жоғары маржалық дақылдарды өсіруге көшу керек. Бұл ауыл шаруашылығының экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша қойылған индикаторды орындауға қол жеткізудің жалғыз жолы ғана емес. Үкіметтің инвестицияларға тапсырысы шеңберінде азық-түлікті қайта өңдеу және өндіру жөніндегі жобаларға өтінімдерді жинау бойынша жұмыс әлсіз жүргізіліп жатыр. Барлық өңірлер кәсіпкерлерге Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиеге қол жеткізудің мүмкіндігі туралы хабарлауы қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Павлодар облысында қаңтар-ақпанда қысқамерзімді экономикалық өсім өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда – 5,9%-ды құрады. 2030 жылға дейін 12 370 жұмыс орнын ашатын, құны 6,8 трлн теңге болатын 85 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Олардың ішінде 5 ірі металлургиялық жоба бар. Олар 2028 жылға қарай өңірдің металлургия саласы өндірісінің көлемін 29,4%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл қуаты 160 мың тонна және 240 мың тонна екі ферроқорытпа зауытының, қуаты 89,6 мың тонна Ақсу электр металлургия зауытының, көлемі 35 мың тонна техникалық кремний өндіру зауытының құрылысы. Сонымен қатар Екібастұзда 60 мың тоннаға ферроқорытпа өндірісін ұйымдастыру жобасы бар.

Металлургиялық кәсіпорындар өнімінің өзіндік құнының құрылымында электр энергиясы елеулі үлесті алады. Штаб отырысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек бүгінгі таңда қолданыстағы электр энергиясының бірыңғай тарифі аумақтың қашықта орналасуына және қосылу нүктесіне қарамастан өнімнің өзіндік құнының айтарлықтай өсуіне және осы жобалардың өндірістік шығындарының артуына әкелетінін атап өтті. Аса ірі жобаларға инвестициялық келісімшарттың қолданылу кезеңінде бірыңғай жеңілдігі бар инвестициялық тарифті енгізу мүмкіндігі мәселесі көтерілді. Сонымен қатар әкімнің орынбасары «Kazferro Limited» ЖК жобасын іске асыру үшін Екібастұз индустриялық аймағына және «Павлодар» АЭА-ға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) жүргізуді қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Вице-премьер Табиғи монополияларды реттеу комитетіне электр энергиясының тарифі бойынша мәселені қарауды, ал ИКИ жүргізуге арналған өтінімді өңірлердің қажеттіліктерінің жалпы парағына енгізуді тапсырды. 

СҚО-да өткен екі айдағы экономиканың өсу қарқыны 11,1%-ды құрады. 2024-2028 жылдары 7193 жұмыс орнын ашатын 51 инвестициялық жобаның пулы әзірленді. Оның 15-і 2024 жылы іске асырылса, биыл 1119 жұмыс орны құрылатын 87 млрд теңгеге тағы 11-ін пайдалануға беру жоспарлануда.

СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындаған бірқатар мәселені көтерді.

Бірінші кезекте, қажетті инженерлік инфрақұрылымды субзоналарға жеткізу және 21 қатысушы тіркелген «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту. Екіншісі – Петропавлда тұрмыстық қатты қалдықты көмуге арналған полигон салу. Биыл қолданыстағы полигонды пайдалану мерзімі аяқталатындықтан, жаңасын салу қажет. Өңірден берілген өтінімді қаржыландыруға қаржы бөлу үшін оны келісуді жеделдету қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер Ұлттық экономика министрлігіне бірінші тоқсан қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды дамытуды тежейтін өңірлердің инженерлік-инфрақұрылымдық тізімін және бюрократиялық кедергілерді Үкімет деңгейінде жедел шешу үшін дайындауды тапсырды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру...

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту мен...