Түркістан облысында биыл 1 мың гектарға жуық жерге егін егіледі

Түркістан облысында биыл 1 мың гектарға жуық жерге егін егіледі

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов мәлімдеді.

«Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 896 мың гектарға орналастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 мың гектарға артық. Ал, 2025 жылы мақта дақылы 29 мың гектарға артып, 135 мың гектарға орналастырылады. Егіс көлемінің артуы жаңа су үнемдеу технологиялар есебінен болып отыр. Аталған технологияның тиімділігі ағын суды 2 есе үнемдей отырып, 60 центнерге дейін өнім алынады. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Жалпы жоспарланған 519 мың гектар жаздық дақылдардың 455 мың гектары егілген. Бүгінде дала жұмыстарына қолданыстағы 25 мың бірлік техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, 2025 жылғы дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай қажеттілігі анықталды. Таратушы операторлар арқылы бөлінген 17 мың тонна дизель отынының құны төленіп, тауар өндірушілерге 12,4 мың тонна берілді. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 35 млрд теңге бөлу жоспарланған»,- деді Әлібек Абдыхалықұлы.

Спикердің сөзінше, биыл өңірдегі 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын орналастыру жоспарланған. Сондай-ақ, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарына су үнемдеу технологияларын 8 мың гектардан 24 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар, биыл қосымша құны 11,2 млрд теңгені құрайтын тағы да 3 кәсіпорын іске қосылады.

Брифингке қатысқан «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұлдың айтуынша, көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылық нысандарын қаржыландыру мақсатында 2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде 222 шаруашылық толықтай қаржыландырылған. Бүгінде «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында Аграрлық несие корпорациясынан «Оңтүстік» АИО» ЖШС-і 4 млрд теңгеден астам қаржымен 570 шаруашылықты қамтып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ