Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында «Ақыл-ой» зияткерлік сайысы өтті.
Этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін нығайтуды көздеген зияткерлік сайысқа аудан, қалалардан жалпы 10 команда қатысты. Атап айтсақ, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарынан және Кентау, Түркістан қалаларынан келген командалар бақ сынады. Этнос өкілдері спорттың 3 түрінен – тоғызқұмалақ, шахмат және үстел тенисінен сайысқа түсті.
Спорттық шарада сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева елдегі татулықты көздің қарашығындай сақтау әрі нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өте келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен сайыста үстел теннисінен сайрамдық Эрали Абдукадиров қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал сарыағаштық Назил Авдулов 2-ші, саурандық Ғани Налибеков 3-орынға ие болды. Шахмат сайысында жетісайлық Анвар Нұрмұратов жеңімпаз атанды. Бұл сайыста 2-орынды мақтааралдық Миробид Рабиев, 3-орынды саурандық Алишер Мамидов иеленді. Сондай-ақ тоғызқұмалақтан саурандық Данияр Турметов топ жарды. Бұл сайыста 2-орынды кентаулық Бахрам Базарбаев, 3-орынды түлкібастық Даштемир Шимшилов алды. «Үздік қатысушы» номинациясына сайрамдық Шолпан Сихымбаева ие болды.
Жарыстың қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.