Түркістан қаласында интернет-алаяқтықпен күрес және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында республикалық деңгейдегі маңызды форум өтті. «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбында өткен іс-шараға 1000-нан астам адам қатысты. Бұл форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде Түркістан облысының Полиция департаменті мен облыстық прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында алғашқы болып қатысушыларға заманауи ІТ-жабдықтар мен робототехника құралдарының көрмесі ұсынылды. Бұдан кейін алаяқтыққа қатысты кең таралған әдістер көрсетілген театрландырылған қойылым қойылып, тұрғындардан сақ болуды талап ететін шынайы жағдайлар бейнеленді. Қойылымның мақсаты – қоғамды киберқылмыстардан сақтандыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және өз құқықтарын қорғау жолдарын көрсету.
Форум барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев сөз сөйлеп, Түркістан өңіріндегі алаяқтықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сонымен қатар, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, «CYBERLABS» ЖШС өкілі Әділет Хамзин және «Digital Road» IT-кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Сейдулла Исмаилов қатысып, нақты алаяқтық әрекеттердің мысалдарын келтіріп, қорғану жолдарын ұсынды. Қатысушыларға бұрын-соңды айтылмаған мәліметтер ұсынылып, нақты техникалық және құқықтық түсініктемелер берілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде интернет-алаяқтыққа қатысты 113 қылмыстық іс сотқа жолданған. Оның ішінде 3 қылмыстық топтың 38 түрлі эпизодқа қатысы анықталып, нәтижесінде жәбірленушілерге жалпы көлемі 269 миллион теңге қайтарылған. Сонымен қатар 200-ден астам эпизодпен байланысты 13 күдіктіден тұратын ұйымдасқан топ ұсталып, тергеу амалдары жалғасуда.
Киберқылмыспен күрес тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмейді. Бұл – қоғамның жалпы ақпараттық иммунитетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Осы орайда Түркістан облысының Полиция департаменті Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен меморандум жасап, жастармен бірлескен «Кибернадзор» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аясында 2000-нан астам құқық бұзатын және күмәнді контенттер анықталып, бұғатталған. Мұндай серіктестік ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, жастар арасында құқықтық мәдениетті де қалыптастырады.
Форумда қаржылық пирамидалар тақырыбы да кеңінен қозғалды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы жылдары аймақта адамдардың алаяқтарға өз еркімен ақша салуы арқылы зардап шеккен оқиғалар күрт көбейген. Мамандар қаржылық пирамида белгілерін ажырату жолдарын нақты түсіндіріп, мұндай жүйелердің заңсыз екенін ескертті. Көп жағдайда алаяқтар жоғары табыс уәде ету арқылы тұрғындардың сеніміне кіріп, үлкен шығынға ұшыратады. Осыған байланысты халыққа инвестициялық шешімдер қабылдауда сақ болу, лицензиясы бар қаржы ұйымдарына ғана сену ұсынылды.
Жиынға облыс әкімдігі, прокуратура, полиция, банк саласының өкілдері, зиялы қауым, студенттер және қарапайым тұрғындар қатысты. Ашық пікір алмасу алаңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Іс-шара соңында белгілі әнші Еркін Нұржанов патриоттық ән шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Форум аясында басталған түсіндіру шаралары алдағы уақытта Түркістан облысының барлық аудандарында жалғасатын болады.