Түркістан қаласында оқушыларға интернет-алаяқтық пен лудоманияның алдын алу жолдары түсіндірілді

Түркістан қаласында оқушыларға интернет-алаяқтық пен лудоманияның алдын алу жолдары түсіндірілді

Түркістан қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заманауи әлеуметтік қауіптерден қорғау мақсатында оқушыларға арналған түсіндіру іс-шарасы өтті. «Интернет алаяқтығы және лудомания – құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында өткен жиынға С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен мұғалімдері қатысты.

Іс-шара барысында мамандар оқушыларға интернет-алаяқтардың әрекет ету жолдары, лудоманияның зияны және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы нақты мәліметтер беріп, бейнематериалдар арқылы түсінікті мысалдар көрсетті. Жастарға арналған бұл форматтағы кездесулер Түркістан қаласының білім беру мекемелерінде жиі өткізілуде, себебі жасөспірімдер — қазіргі қоғамдағы цифрлық қауіптерге ең бейім топтардың бірі.

Кездесуге Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі жанындағы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспектор маманы С.Ержанқызы, Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері, капитан Бекжан Әлімбайұлы Құрмаш, Түркістан қалалық полиция басқармасының ЖПҚ ЮПТ УПИ бөлімінің полиция аға лейтенанты Әсемгүл Жарылхасынқызы, мектеп директоры Г. Муратова және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К. Аркабаева қатысты.

Интернет-алаяқтық – соңғы жылдары мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесетін қауіптердің бірі. Мамандар оқушыларға әлеуметтік желілер арқылы жасалатын фейк парақшалар, бейтаныс сілтемелер, жалған лотереялар мен «жеңіл табыс» уәде ететін алаяқтық схемалар туралы айтып, оларға қарсы қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әсіресе банк картасының деректерін ешкімге бермеу, бейтаныс адамдармен онлайн байланыс орнатпау және ата-анамен кеңесіп әрекет ету қажеттігі баса айтылды.

Сонымен қатар, лудомания – ойынқұмарлықтың зияны туралы да кеңінен айтылды. Қатысушылар бұл тәуелділік түрінің жастар арасында қалай таралатынын, қандай психологиялық және әлеуметтік зардаптарға алып келетінін талқылады. Онлайн ойындарға тәуелділік жасөспірімдердің сабақ үлгеріміне, отбасымен қарым-қатынасына, тіпті мінез-құлқына да кері әсерін тигізетінін мамандар нақты мысалдармен көрсетті. Мұндай дағдылардың қалыптасуын алдын алу үшін ата-аналар мен мұғалімдердің бірлесе жұмыс істеуі, баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруы маңызды екені айтылды.

Іс-шарада бейнероликтер көрсетіліп, олар арқылы оқушылар киберқауіптер мен әлеуметтік тәуекелдерді визуалды түрде көріп, оңай қабылдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, мамандар әр оқушының сұрағына жауап беріп, қажет жағдайда кімге және қайда жүгіну керектігі жөнінде кеңес берді.

Мектеп әкімшілігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай кездесулердің алдын алу шараларындағы маңызына тоқталып, алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді. Бұл — Түркістан қаласында жастарды әлеуметтік, құқықтық және ақпараттық қауіптерден қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Оқушылар мен мұғалімдер өз ризашылықтарын білдіріп, аталған тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Мұндай кездесулер жас буынды құқықтық тұрғыда тәрбиелеуге, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға нақты үлес қосатыны сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Кеше Екатеринбургте «ИННОПРОМ» XV халықаралық өнеркәсіптік көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық...