Түркістан қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет кеңістігіндегі қауіптерден қорғау мақсатында А.Байтұрсынов атындағы мектеп-лицейінде «Интернет алаяқтығы және лудомания: құқықбұзушылықтың алдын алу» атты арнайы түсіндіру іс-шарасы өтті. Іс-шараға мектептің жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Жиын барысында мамандар жасөспірімдер арасында кең таралып келе жатқан заманауи қауіптер туралы жан-жақты мәліметтер беріп, оқушылардың құқықтық мәдениетін нығайту қажеттігін атап өтті.
Іс-шарада Түркістан қалалық полиция басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері сөз сөйлеп, интернет-алаяқтардың әрекет ету жолдары, олар қолданатын әдіс-тәсілдер және осындай қылмыстардан қорғану жолдарына тоқталды. Мамандар оқушыларға қазіргі таңда жиі кездесетін алаяқтық түрлерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде фейк парақшалар арқылы адамдардың сеніміне кіріп, жеке деректерді иемдену, жалған сілтемелерге кіруге шақырып, банк картасының мәліметтерін ұрлау және бір реттік кодтарды алу арқылы ақша шешіп алу жағдайлары кеңінен таралған. Осындай схемаларға көбіне жасөспірімдер мен жастар ілігуде. Өйткені олардың цифрлық қауіпсіздік туралы білімі шектеулі және кез келген ақпаратқа сенгіш келеді. Бұл – киберқылмыскерлер үшін ыңғайлы жағдай туғызады.
Кездесу барысында оқушыларға лудомания – ойынқұмарлықтың да қауіптілігі түсіндірілді. Мамандар бұл тәуелділік түрінің психологиялық және әлеуметтік зардаптарын нақты мысалдармен сипаттады. Онлайн-ойындар мен бәс тігу платформалары жастар үшін қызықты әрі еліктіргіш болғанымен, олардың денсаулығына, оқу үлгеріміне, отбасымен қарым-қатынасына айтарлықтай зиян келтіреді. Кейбір жағдайларда бұл тәуелділік қылмыстық әрекеттерге, ұрлық немесе заңсыз ақша табуға итермелейтінін мамандар ашық айтты. Сондықтан оқушыларға ойынға тәуелділік белгілерін ерте кезеңде танып, көмекке жүгінудің маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесуге қатысқан ішкі саясат бөлімі, полиция басқармасы және мектеп әкімшілігі өкілдері құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында бейнематериалдар көрсетіліп, оқушылар олар арқылы қауіпті жағдайларды көзбен көріп, түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, мамандар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, жеке жағдайлар бойынша кеңес берді. Қатысушыларға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау, бөгде адамдарға жеке мәлімет бермеу, қаржылық алаяқтардан қорғану жолдары туралы жадынамалар таратылды.
Іс-шараның қорытындысында Түркістан қаласында мұндай түсіндіру жұмыстарының тұрақты түрде жалғасатыны айтылды. Жергілікті полиция мен білім беру мекемелері арасында оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастық жалғасатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық сауаттылық – болашақта қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізі. Ал мектеп қабырғасынан бастап берілетін тәрбие мен түсіндіру – ең тиімді құралдардың бірі. Түркістан қаласында жастарды интернет-алаяқтықтан, ойынқұмарлықтан және басқа да әлеуметтік қатерлерден қорғауға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.