Түркістанда “Show Match” футбол ойыны аясында нашақорлық пен лудоманияға қарсы кең ауқымды акция өтті

Түркістанда “Show Match” футбол ойыны аясында нашақорлық пен лудоманияға қарсы кең ауқымды акция өтті

Түркістан қаласының ең ірі спорт нысандарының бірі — «Turkistan Arena» стадионында ерекше сипаттағы футбол ойыны өтті. Танымал блогерлер, медиа саласының белсенді өкілдері мен елге әйгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен «Show Match» футбол кездесуі салауатты өмір салтын насихаттау мен жастар арасындағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталды. Шара аясында “Біз лудомания мен нашақорлыққа қарсымыз!” атты ақпараттық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараға Түркістан қаласының тұрғындары, жастар ұйымдары мен студенттер белсенді қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарды денсаулық пен спортты өмірлік құндылық ретінде бағалауға шақырды.

Бүгінгі таңда жастар арасында белең алып бара жатқан әлеуметтік мәселелердің бірі — лудомания мен нашақорлық. Түркістан қаласында да бұл тақырып күн тәртібінен түспей отыр. Онлайн-казино, спорттық бәс тігу платформалары, түрлі құмар ойындар — жас буынның уақытын, ақшасын ғана емес, болашағын да қауіпке тігуде. Осыған орай ұйымдастырылған футбол ойыны — тек спорттық жарыс емес, жастарды теріс әдеттерден сақтандыруға бағытталған ашық алаң болды.

Іс-шара барысында Түркістан қалалық Полиция басқармасына қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі заттарының адам денсаулығына, психикасына, отбасылық қарым-қатынасқа және болашаққа тигізетін зияны туралы айтып өтті. Қатысушыларға арнайы дайындалған жаднамалар мен буклеттер таратылып, жастар арасында пікір алмасу ұйымдастырылды.

Жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек нашақорлықпен күреспен шектелмейді. Соңғы уақытта Түркістан қаласында интернет-алаяқтық, жалған қаржылық платформалар, фейк инвестициялық жобалар арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де белең алып келеді. Полиция қызметкерлері мұндай мәселелермен күрестің ең тиімді жолы — алдын алу және түсіндіру екенін айтып, жастарды цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу, тексерілмеген сілтемелерге өтпеу және оңай табысқа сенбеу — әр адамның қауіпсіздігінің негізі екенін жеткізді.

Футбол матчы да қызықты әрі тартысты өтті. «Түркістан» және «Қазақстан құрамасы» командалары жасыл алаңда күш сынасып, негізгі ойын уақыты тең есеппен аяқталды. Ойынның тағдыры пенальти сериясында шешіліп, нәтижесінде «Түркістан» командасы 5:4 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, спорттық рух пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастыра білген шара өз мақсатына толық жетті.

Осындай ауқымды спорттық акциялар Түркістан қаласында жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл бастамалар жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының жастармен тікелей байланыс орнатуға, олардың сенімін арттыруға, сондай-ақ өмірлік маңызды таңдау жасауда дұрыс бағдар беруіне көмектеседі.

Алдағы уақытта Түркістан қаласының әр ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, интернет-алаяқтық, лудомания мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жалғасатын болады. Бұл – қауіпсіз әрі білімді қоғам қалыптастырудың жарқын көрінісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Теміртау қаласының №10 жалпы білім беретін мектебінде балаларға алғашқы стоматологиялық көмек көрсету және профилактика үшін заманауи жабдықтармен...

Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласындағы ветеринариялық бақылау шаралары, сондай-ақ осы...