Түркістан облысы Жетісай ауданындағы диқандар биылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр. Шаруалар суды дер кезінде жеткізіп берген Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушардың» жергілікті филиалына алғыс білдірді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
«Биыл еккен қарбызымыз бен қызанағымыз пісуге жақын. Осынша алқапқа уақытылы су жеткізіп отырған «Қазсушар» филиалына алғыс білдіреміз. Биылғы алғашқы қарбызымызды жөнелтуге дайынбыз. Су жақсы берілгендіктен қарбызымыз суды көп сіңіріп, жақсы өсті. Су сапалы әрі уақытылы келді. «Қазсушармен» келісімшартқа да отырдық», - деді Түркістан облысы Жетісай ауданы Тың ауылының диқаны Қуанбай Бексұлтан.
«Бүгін міне қарбыз артып жатырмыз. Еккен қарбызымыз, көкөнісіміз судан тарыққан жоқ. Суды жеткізіп беріп, қазу қажет болған жерді қазып беріп, көмек көрсетіп отырған ауданымыздың «Қазсушар» филиалына рақмет», - деді Атамекен ауылының диқаны Телтай Тұрғынбек.
Суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «Қазсушар» филиалдары диқандарға 2,5 млрд текше метрден астам су берді. Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды.
Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 млн текше метр су жіберілді. Оның 97,5 млн текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды.
Ауа райының қолайлы болып, суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның алғашқы өнімін жинады.