№16 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байкісі Ұлдаш Өсерқызы 23 жылдан ұстаздық етуден жалықпай, еңбек етіп келеді.
2002 жылы «ШГЭУ» колледжінде бастауыш сынып мұғалімі және 2006 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген.
Ұлдаш Өсерқызының жауапкершілігі жоғары, үздіксіз дамуға ұмтылатын, білім беру ісіне шын ниетімен қарайтын ұстаз. Ізденімпаз, кәсіби тұрғыда дамуға және басқалармен тәжірибе бөлісуге дайын тұрады.
Қазіргі таңда өзінің еңбек жолында өзі де оқушылары да қалалық, республикалық түрлі байқаулар мен олипиадалардың иегері. 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2024 жылы Оқу-ағарту министрінің «Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.
Мұғалім бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Осы орайда, Ұлдаш Өсерқызының оқушының саналы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында атқарып жатқаны еңбегі өлшеусіз.
Ұлдаш Өсерқызының педагогикалық жолы – тек сабақ берумен шектелмейді. Ол шәкірттердің бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, тіл мен әдебиеттің терең мәнін ұғындыру арқылы елін сүйетін тұлға қалыптастыруға күш салып келеді. Әрбір сабақта шығармашылық тапсырмаларға, мәнерлеп оқуға, ойды тұжырымдауға және өз пікірін еркін білдіруге баулу – оның басты әдістемелік қағидаларының бірі. Оқушылардың сыни ойлау дағдыларын дамытуға ерекше назар аударады.
Ұстаз ретінде ол оқушылардың мінез-құлқы мен қабілеттеріне ерекше мән беріп, олардың психологиялық жай-күйін ескере отырып оқыту әдісін қалыптастырған. Сонымен қатар, оқушының өз-өзіне деген сенімін арттыру мақсатында мадақтау мен ынталандыру әдістерін шебер қолдана біледі. Бұл – білім сапасын арттырып қана қоймай, баланың мектепке деген оң көзқарасын қалыптастырады.
Оның еңбегі – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын ұстаздық борыштың нақты үлгісі. Шымкент қаласының білім беру саласында осындай өз ісіне адал, жаңашыл мұғалімдердің болуы – қаланың әлеуметтік-демографиялық өсіміне, сапалы адами капиталды қалыптастыруға ықпал ететін маңызды фактор.
Шәкіртінің ертеңін ойлайтын - ұстаз
