Қызылорда облысында дүниеге келген, Шымкенттегі Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші, №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінде ұзақ жылдан бері ұстаздық етіп келеді.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы ретінде оқушылардың шығармашылық қабілеті мен танымдық білігін дамытуда аянбай еңбек етіп келеді. Оның жетекшілігімен көптеген шәкірттер «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегері атанып, түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болды.
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі, Әдістемелік орталық және Қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Үш ұлдың анасы, немерелерінің сүйікті әжесі, үлкен шаңырақтың ұйытқысы.
Жиеналиева Күнсұлу Құдайбергенқызы – тек білім беруші ғана емес, жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтейтін рухани тәлімгер. Ол оқушылардың бойына тек тілді меңгеруді ғана емес, әдебиет арқылы адамгершілік, отансүйгіштік, ізгілік қасиеттерді дарытуды басты мақсат етіп келеді. Сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, әр баланың даралығын, шығармашылық мүмкіндігін ашуға жағдай жасайды.
Ұстаздың еңбекқорлығы мен педагогикалық шеберлігінің арқасында шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Әсіресе эссе, мәнерлеп оқу, әдеби монтаж, жобалық жұмыс бағыттарында оқушылары белсенділік танытып келеді. Бұл жетістіктер – ұстаздың жүйелі еңбегінің, шәкіртке деген шынайы ықыласының айғағы.
Күнсұлу Құдайбергенқызы білім берумен қатар, жас мамандарды кәсіби тұрғыда қолдап, оларға үлгі көрсетіп келе жатқан тәлімгер ұстаз. Әдістемелік кеңестер, шығармашылық кездесулер мен тәжірибе алмасу алаңдарында өз тәжірибесін еркін бөлісіп, педагогикалық қауымдастыққа үлес қосып келеді. Ол – ұжымда беделді, жаңашылдыққа ұмтылатын, үнемі ізденісте жүретін маман.
Қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп келе жатқан Күнсұлу Құдайбергенқызы – Шымкент қаласының әлеуметтік-демографиялық дамуына өз үлесін қосып жүрген жан. Оның әрбір жетістігі – сапалы білім мен тәрбиенің нәтижесі. Осындай ұстаздардың арқасында өскелең ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басып, еліміздің өркендеуіне үлес қосады.
30 жылдық тәжірибесі бар үздік педагог
