Алматы жастары хайкинг арқылы белсенді өмір салтын насихаттады

Алматы жастары хайкинг арқылы белсенді өмір салтын насихаттады

Алматыда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы жастар үшін алғаш рет хайкинг форматындағы спорттық сайыс өткізілді. Шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Сана» зияткер жастар мектебі» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жарыс Кімасар шатқалында өтті.

Іс-шараның мақсаты — жұмысшы жастардың салауатты өмір салтын ұстануына қолдау көрсету, олардың белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ұжымдық рухты нығайту. Сонымен қатар, шара жастар арасындағы бейресми қарым-қатынасты күшейтіп, кәсіби және әлеуметтік ортада байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Қатысушыларға алдын ала белгіленген бағыт бойынша қозғалып, табиғат аясында жүріп өту тапсырылды. Тау бөктерінде өткен жарыс барысында жас мамандар таза ауада серуендеп қана қоймай, физикалық белсенділік танытып, табиғатпен үндестікте уақыт өткізді. Маршрут бойында қатысушылар түрлі спорттық кедергілерден өтті, бұл олардың төзімділігін, үйлесімділігін және топта жұмыс істеу дағдыларын тексеруге мүмкіндік берді.

Хайкингке әртүрлі салаларда еңбек ететін жастар, соның ішінде өндіріс орындарының қызметкерлері, техникалық мамандық иелері және студенттік жұмыс жасақтарының өкілдері қатысты. Бұл шара жастардың түрлі әлеуметтік топтар арасындағы байланысын арттырып, оларды ортақ мақсат жолында біріктірді.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қатысушылар үшін ұлттық ойындар мен көңіл көтеру бағдарламасын дайындады. Қатысушылар асық ату, арқан тарту секілді дәстүрлі жарыстарға қатысып, өзара бәсекеге түсті. Белсенділік пен ұйымшылдық танытқан командалар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жастар саясаты басқармасында атап өткендей, мұндай форматтағы шаралар жастардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, олардың азаматтық белсенділігін дамытады. Бұл тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар жастарды қоғамдық өмірге тартып, оларды жаңа бастамаларға шабыттандырудың бір жолы болып отыр.

Айта кету керек, Алматы қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бұған дейін де бірқатар іс-шара ұйымдастырылған болатын. Олардың қатарында аспаздық байқаулар, өндірістік экскурсиялар, мотивациялық кездесулер және еңбек жәрмеңкелері бар. Хайкинг жарысы — осы бастамалардың жалғасы ретінде жастарға өзін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берген кезекті қадам.

Алдағы уақытта бұл формат дәстүрлі түрде өткізіледі деп күтілуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформациялануда. Осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі - ҚР...