Олжас Бектенов жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Олжас Бектенов жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің таяуда жасаған сапары барысындағы келіссөздері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрлігі деректері бойынша, қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді: 2005-2024 жылдар аралығында инвестиция көлемі $26,4 млрд-ты құрады.

Премьер-министр ҚХР Төрағасының таяуда Қазақстанға жасаған сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны $24 млрд-ты құрайтын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.

«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші экономикалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серіктесіміз Қытай елімен толыққанды кооперацияны одан әрі тереңдету – Қазақстанның аса маңызды басымдығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақстанға таяуда жасаған кезекті сапары  екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін дәлелдеп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр жаңа жобалары жоқ өңірлерде, оның ішінде Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты Олжас Бектенов аталған өңір басшылығына қысқа мерзімде серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуды және нақты бастамалар ұсынуды тапсырды.

Ұзақмерзімді серіктестік орнату және инвестиция тарту мақсатында аймақтық делегациялардың Қытай провинцияларына сапарларын жандандыру жөніндегі тапсырманы іске асыруға назар аударылды. Олжас Бектенов Алматы қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, СҚО, ШҚО, БҚО, Алматы және Абай облыстары сияқты бірқатар өңірде оң динамикаға тоқталып, онда кездесулер өткізіліп, келісімдер жасалып, алдын ала уағдаластықтар белгіленгенін атап өтті. Қалған өңірлерге осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды.

Сондай-ақ кеңес барысында «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында өңірлердің қытайлық серіктестермен жасасқан жаңа келісімдерін жүзеге асыру мәселелері қаралды. Мәселен, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, АӨК және өнеркәсіп саласындағы жобаларды қоса алғанда, $6 млрд-тан астам соманы құрайтын 7 құжатқа қол қойды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды, әрбір кезеңде барлық жобаны сүйемелдеуді, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік инвестициялық саясат шеңберінде іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар, салалық...

2025 жылғы 20 маусым күні облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері...

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстандағы астық қоры 8,6 млн тоннаны құрады. Бұл көлем ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық...

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысында колледж түлектеріне арналған «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты форум өтті. Іс-шара...