Ақмола облысында республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Ауданы 1 мың гектарға жуық индустриялық аймақ елордаға жақын орналасқан. Бұл – жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарын ашуға қолайлы барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ. Қазіргі таңда мұнда жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеден асатын инвестицияға ие жеті жоба жүзеге асырыла бастады. Инвесторлар географиясы Қытай, Түркия, Сингапур және Қазақстан елдерін қамтиды. Жобалар аясында 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде жаңа индустриялық аймақ өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, елдің индустрияландыру мен инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегиясында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған бұл республикалық индустриялық аймақта отандық және шетелдік жетекші компаниялардың өндірістері орналасады. Өндірістік қуаттардың шоғырлануы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, логистика және басқа да салаларға мультипликативті әсер етіп, өңірдің дамуына тың серпін береді», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жобаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Бұл – еліміз үшін аса маңызды жоба. Оның аясында жаңа өндіріс ошақтары іске қосылып, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейеді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, өнеркәсіпті өркендетуге айрықша назар аударып отыр. Осы бағытта жер телімдерімен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылым тарту секілді қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылуда. Тек биылдың өзінде республика бойынша 180-ге жуық индустриялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгін іргетасына капсула салынған «AQMOLA» индустриялық аймағы. Оның елордаға жақын орналасуы – айқын артықшылық. Бұл жоба елорда мен еліміздің дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», — деді министр.
Айта кету керек, іске асырыла бастаған жобалардың бірі – бидайды терең өңдейтін өндірістік кешен. Жобаны жүзеге асырушы – қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы. Жоба үш кезеңмен 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде натрий глутаматы, глютен ұнтағы және қосалқы өнімдер өндірісі іске қосылады. Қазіргі таңда инвестор бизнес-жоспар әзірлеп, қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын бастады.
«Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіптің жаңа бағытын қалыптастыратын жобаны жүзеге асыру – біздің компания үшін үлкен мәртебе. Бұл – өз саласындағы ең озық жобалардың бірі. Біз бұл жобаға 900 миллиард теңге инвестиция құйып отырмыз. Жақын арада кәсіпорында мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімнің бағасы мен сапасын арттыру үшін біз биоферментация мен биоинженерия салаларындағы соңғы технологияларды қолданамыз. Өнім Қытай, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа нарықтарында үлкен сұранысқа ие болады», — деді Dalian Hesheng Holdings компаниясы филиалының директоры Яо Сунь.
Жоспарланған жобалар қатарында – клинкер өнімін шығаратын зауыттың құрылысы да бар. Бұл жобаны отандық инвестор – «Terracottas» Astana Ceramic ЖШС 2027 жылдың соңына дейін жүзеге асырады. Ал агрохимиялық тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын агрохимиялық кешен салуды түркиялық «YDA Group» компаниясы жоспарлап отыр. Сұйытылған табиғи газ өндіретін зауытты «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ салатын болады. Жаңа технология газды 600 есеге дейін сығуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Atasu Group компаниясының көлік-логистикалық орталығы, «Remsintez RK» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыты да бой көтереді.
Қытайлық Eagle Architecture Technology Co., Ltd. компаниясы битумдық шатыр гидрооқшаулағыш материалдары, автоклавты газобетон блоктары, поливинилхлорид, алюминий фасадтары, витраждар, терезе және есік құрылғыларын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Ақмола облысында Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында да өңірлік индустриялық аймақтар құрылған.