19-20 маусым күндері Ақтау қаласында мұнай-газ секторының өзекті мәселелерін шешу мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-технологиялық сессия өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Сессияның ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, ғылыми-техникалық саясаттың негізгі бағыты ретінде өңірлік ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда ғылыми әлеует тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де іске асырылатын жағдай жасау аса маңызды. Өңірлерде тұрақты ғылыми-өндірістік байланыстарды қалыптастыру – экономиканың сұранысына ие қолданбалы шешімдердің негізі», – деді ол.
Сессия барысында Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Орысбаевпен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында аймақтық ғылымды қолдау шаралары, соның ішінде өңірлік ғылыми кеңестердің жұмысы және аймақтың нақты қажеттіліктеріне арналған қолданбалы ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары дайындаған 60-тан астам жоба ұсынылып, әр секцияда ашық қорғау мен сараптамалық талқылаудан өтті. Әр секция қорытындысында компанияның сарапшылары тарапынан дауыс беру арқылы ең перспективалы технологиялық шешімдер анықталды.