Алматы қаласында отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту – әлеуметтік-демографиялық дамудың басты басымдығы ретінде айқындалып отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ сабақтастығының негізі саналатын отбасы институтын қолдау бағытында қала әкімдігі кешенді және жүйелі саясат жүргізуде. Бұл саясат тек әлеуметтік қолдаумен шектелмей, отбасының рухани және мәдени рөлін күшейтуге де бағытталған.
Бүгінде Алматыда отбасы және гендерлік саясат саласында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Қаладағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Ана мен бала денсаулығы орталықтары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқаруда. Олар әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, ана мен баланың қорғалуына және жас отбасылардың әлеуетін арттыруға жол ашуда.
Қаладағы демографиялық көрсеткіштер бұл саясаттың маңызын нақтылай түседі. Әңгімемізді тұздықтау үшін сандарды сөйлетсек.
2025 жылдың 1 мамырына қарай Алматы халқының саны 2 292 055 адамға жетті. Бұл — бір жыл бұрынғы 2 228 675 адаммен салыстырғанда 63 мыңға жуық өсім. Табиғи өсімнің оң сипатта болуы да осы үрдісті қуаттайды. Былтыр қала бойынша жалпы табиғи өсім 22 196 адамды құрады. Алматы қаласының аудандары бойынша мыслар келтірер болсақ, ең жоғары табиғи өсім Алатау (6 852 адам), Наурызбай (3 993 адам) және Әуэзов (2 737 адам) аудандарында тіркелді.
Жалпы, Алматы қаласында балалар туылымы бойынша да оң динамика байқалады. 2024 жылы қалада 34 359 сәби дүниеге келген. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіш Алатау ауданында – 8 225 нәресте, Әуэзов ауданында – 4 854, Наурызбай ауданында – 4 721 бала. Бұл – халықтың жас құрылымының табиғи түрде жаңарып келе жатқанын көрсетеді. Бұл аталмыш аудандарда жас отбасылардың үлесі жоғары екенін де аңғартады.
Ана мен балаға медициналық қызмет көрсету деңгейі де жылдан-жылға артып келеді. Қалада бес перзентхана мен бірнеше мамандандырылған мекеме жұмыс істейді. Босануға дайындық курстары, психологиялық кеңес беру, алғашқы жүктіліктегі әйелдерге арналған тегін қызметтер – осының барлығы ана мен баланың денсаулығын қорғауға бағытталған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін арнайы бағдарламалар шеңберінде медициналық көмекке қосымша қолжетімділік қарастырылған.
Одан бөлек, Алматыда отбасылар санының өсуіне ықпал ететін тағы бір маңызды көрсеткіш – неке саны. Өткен жылы қалада 13 732 ресми неке тіркелген. Бұл көрсеткіш қалалық деңгейде отбасын құруға деген тұрақты сұраныстың бар екенін көрсетеді. Аудандық бөліністе ең көп неке Алатау (2 489), Әуэзов (2 021) және Түрксіб (1 667) аудандарында тіркелген. Бұл аудандарда жас отбасылардың белсенділігі байқалады, яғни бұл аймақтарда балалы болу, отбасылық өмірді бастау жиілігі жоғары.
Отбасыларды материалдық қолдау мақсатында бірқатар тұрғын үй және әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда. «Бақытты отбасы», «Алматы жастары» секілді бағдарламалар арқылы жас отбасылар жеңілдетілген шарттармен баспаналы болуда. Соңғы үш жылда осы бағытта 4 000-нан астам алматылық отбасы жаңа қонысқа ие болды. Бұл бағдарламалар әсіресе Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында жоғары сұранысқа ие – өйткені мұнда халық саны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2025 жылы Алатау ауданында халық саны 384 886 адамға жетсе, бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 15 мың адамға артық. Түрксіб ауданында өсім 6 900 адамға жуық.
Отбасылық тәрбие мен жауапкершілікті насихаттау да маңызды міндеттердің бірі. Қаланың білім беру мекемелерінде отбасылық құндылықтарға арналған арнайы сабақтар, ашық диалогтар мен шығармашылық жобалар жүзеге асырылуда. Гендерлік теңдік тақырыбындағы тренингтер жастардың құқықтық сауатын арттырып, өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Отбасылық саясат – қоғамдағы үйлесім мен келешек ұрпақтың амандығына негіз болатын маңызды бағыт. Ана мен балаға көрсетілетін қолдау, әйелдердің әлеуетін іске асыруға жасалған жағдай, жас отбасыларға ұсынылатын мүмкіндіктер – барлығы біртұтас әлеуметтік бағдарлама ретінде Алматыда ұтымды жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына сөзсіз серпін береді.
«NO-COMMENT.KZ» ақпараттық агенттігі.