Адами капиталды дамыту мен еңбек адамына деген құрмет: Алматыдағы еңбек саясаты өз нәтижелерін беруде

Адами капиталды дамыту мен еңбек адамына деген құрмет: Алматыдағы еңбек саясаты өз нәтижелерін беруде

Алматы – Қазақстандағы ең ірі еңбек нарығы шоғырланған мегаполис. Мұндағы еңбек саясатының басым бағыты – тұрғындарды сапалы жұмыспен қамту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және еңбек қауіпсіздігін күшейту болып табылады. Бұл бағыттар қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр.

2025 жылдың I тоқсанындағы ресми деректерге сәйкес, Алматыда жұмыссыздар саны 52,6 мың адамды құрады. Бұл еңбекке қабілетті халықтың 4,5 пайызына тең. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш сәл жоғары болған – жұмыссыздар саны 54,6 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды көрсеткен. Яғни, бір жыл ішінде жұмыссыздық көрсеткішінің төмендеуі байқалды, бұл қаланың еңбек саясатының тиімділігін айғақтайды.

Қалада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңартылып, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай кадр даярлау моделі енгізілуде. Қазіргі таңда колледждерде құрылыс, көлік, IT, қызмет көрсету салаларында мыңдаған жас маман білім алуда. Оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестік жастардың өндірістік ортаға бейімделуін жеделдетуде.

Жұмыс іздеушілерді тіркеу де тиімді жүзеге асырылуда: 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Алматыда 31 477 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл жұмыс күшінің 2,7 пайызын құрайды.

Орташа айлық номиналды жалақы 2025 жылдың I тоқсанында 518 857 теңгені құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға жоғары. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылғы I тоқсанда бұл көрсеткіш 454 320 теңге болған. Бұл өсім жалақы төлеу саясатының оң өзгерістерін білдіреді.

Тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстары да артып отыр. 2024 жылдың IV тоқсанында бұл көрсеткіш 387 304 теңгеге жетіп, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,2% өсім көрсетті.

Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау саласы жаңғыртылуда. Алматының ірі өндірістік кәсіпорындары мен құрылыс компанияларында қауіпсіздікке бағытталған цифрлық мониторинг жүйелері енгізілуде. Бұл жүйелер еңбек жағдайын бақылап, қауіптілікті дер кезінде анықтауға және оқыс оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қаланың еңбек нарығына ішкі және сыртқы көші-қонның ықпалы да жоғары. Алматыға жұмыс іздеп келетіндердің саны артып отырғандықтан, еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік кепілдіктер беру және жұмыс күшінің теңгерімін сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осыған орай, қалада құқықтық кеңес беру орталықтары мен цифрлық көші-қон қызметтері дамып келеді.

Сонымен қатар, Алматыда тұрғындардың кірісін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асуда. Шағын және орта бизнеске арналған гранттық бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер мен кәсіби қайта даярлау курстары – экономикалық белсенділікті ынталандырудың тиімді құралдарына айналуда.

Жалпы, Алматыда жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алматы қаласының Мансап орталығының басшысы Әділет Жаңыбаевтың айтуынша, 1 700 ісін жаңа бастаған кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қолдау алған.

«2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Алматыда 8 300 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 98,2%-ы тұрақты. 2025 жылға арналған жалпы жоспар - 87 200 жұмыс орнын құру, оның ішінде 73 300 тұрақты жұмыс орны», - деді Әділет Жаңабаев.

Алматыдағы еңбек саясаты – тек экономикалық қажеттілік емес, сонымен бірге, адами капиталды дамыту мен еңбек адамына деген құрметті жаңғырту жолы болып отыр. Бұл бағыт әлеуметтік әділеттілікке, тұрақты табыс пен өмір сапасын арттыруға негізделген жүйелі саясат ретінде дами бермек.

«NO-COMMENT.KZ» ақпараттық агенттігі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2025 жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер Комитеті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бастамашылық еткен қылмыстық істер бойынша...

Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік...