Алматы қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйдің пайдалануға берілуі – мегаполистің әлеуметтік-демографиялық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қала тұрғындарының саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, жаңа тұрғын үй, мектеп, аурухана мен балабақша құрылысының өзектілігі күшейе түсуде.
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Алматы қаласында 913,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматыда құрылыс саласындағы жалпы экономикалық белсенділік жоғарылаған. 2025 жылдың алғашқы бес айында құрылыс жұмыстарының көлемі 158,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы 139,7 млрд теңгемен салыстырғанда 13,7%-ға көп. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 132,5 млрд теңге деңгейінде болған еді. Осылайша, соңғы екі жыл ішінде құрылыс индустриясының қарқыны 20%-дан аса өсіп отыр.
Бұл құрылыс компанияларына құйылған инвестиция көлемінің артқанын және жобалардың іріленгенін көрсетеді.
Аудандық бөліністе тұрғын үй құрылысы әртүрлі қарқынмен жүргізілуде. 2025 жылдың мамыр айында ең көп тұрғын үй Бостандық ауданында (70,3 мың м²) және Алмалы ауданында (44,9 мың м²) пайдалануға берілді.
Алматы – Қазақстандағы ең урбанизацияланған аймақ. Мұндағы тұрғындар санының өсуі, әсіресе жастар мен еңбекке қабілетті топтың үлесі жоғары болуы, еңбек нарығы мен әлеуметтік қызметтерге жүктемені арттырып отыр. Ал, құрылыс секторы бұл сұраныстың бір бөлігіне сөзсіз жауап береді.
Мамандардың айтуынша, құрылыс қарқынының өсуі мемлекеттік бағдарламалар мен жекеменшік инвестициялардың тиімді үйлесімімен тығыз байланысты. Мәселен, «Нұрлы жер» және өзге де тұрғын үй бағдарламалары аясында қолжетімді баспана салу ісі жалғасуда. Бұл қаланың әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер етуде.
Қаланың даму жоспары аясында алдағы уақытта да құрылыс саласының маңызы арта түсетіні анық.