Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2024 жылы 3 986 дәрігер тапшы болған, алайда 2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлердің тапшылығы 20%-ға төмендеді. Орта медициналық персоналға келетін болсақ, тапшылық 2024 жылдың қорытындысы бойынша 420 бірлікті құрады. Мамандықтың беделін арттыру және ауылға дәрігерлерді тарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын — әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру, тұрғын үй жағдайлары мен қаржылық ынталандыруды жақсарту жалғасуда.
«2024 жылдың қазан айынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілді. 190 мыңға жуық медицина қызметкері сақтандырылған. Сондай — ақ ауылдық жерлерге кемінде 5 жыл мерзімге келетін аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерге 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төлеу енгізілді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне біліктілік беру рәсімі қайта қаралды.
«2024 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілді. Биыл бұл атақ 8 көрнекті медициналық маманға берілді. Олар 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алды. Ағымдағы жылы «Мамандықтағы үздіктер» республикалық байқауының 17 жеңімпазы марапатталып, 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алды», – деді спикер.
Ол медицина қызметкерлерінің балалары үшін мектепке дейінгі ұйымдарда басым тәртіппен орын беру көзделгенін айтты. 2025 жылды Министрлік «Біліктілікті арттыру жылы» деп жариялады. 2027 жылға дейін жалпы практиканың 2 мыңнан астам дәрігерін даярлау, 3 мыңнан астам медбикені оқыту, сондай-ақ 900-ге жуық медициналық колледж оқытушысы мен 800 ЖОО оқытушысының біліктілігін арттыру жоспарда бар.