Түркістан облысында жол инфрақұрылымы жаңғыруда: мың шақырымнан астам жол жөнделуде

Түркістан облысында жол инфрақұрылымы жаңғыруда: мың шақырымнан астам жол жөнделуде

Түркістан облысында автокөлік жолдарын жаңарту мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аймақтың көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биылғы жылы 1000 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Бұл бастама – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Облыс аумағында автожолдардың жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық, 3983 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болса, 11305 шақырымын елді мекендердің ішкі көшелері құрайды. 2025 жылға дейін осы бағытта 283 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1181,2 шақырым жол мен көше қамтылмақ. Жыл соңына дейін 222 нысан немесе 929,3 шақырым жолдың пайдалануға берілуі жоспарланған.

Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте егжей-тегжейлі қаралды. Аймақ басшысы жол сапасына ерекше көңіл бөлініп, жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс екенін қадап айтты. Кемшіліктер анықталған жағдайда жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолданылатынын ескертіп, әр жобаны қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының өкілі Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды. Мәліметтерге сәйкес, биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 млрд теңге бөлініп, 24 нысанда (225,5 шақырым) құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 17 нысаны немесе 111,8 шақырым жолы пайдалануға беріледі.

Аудандық жолдарға 3,1 млрд теңге қарастырылып, 24 нысанда (130,7 шақырым) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 12 нысаны немесе 49,3 шақырымы жыл соңына дейін аяқталады. Елді мекен көшелерінде 235 нысанда (831,2 шақырым) жол жөнделіп жатыр. 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол жыл соңында қолданысқа беріледі.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) жөнделуде. Оның 87 нысаны биыл пайдалануға берілмек. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,7%-дан 95%-ға дейін ұлғайтылады.

Мәжіліс барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеделдету, битум өндіруші зауыттардың жұмысын үйлестіру, мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту, айналма жолдар құрылысын жүйелеу секілді бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Осылайша, жол инфрақұрылымын дамыту арқылы Түркістан облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, ауыл мен қала арасындағы көлік қатынасын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадамдар жасалуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформациялануда. Осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі - ҚР...