Түркістан облысында су ресурстарын заңсыз пайдалану мәселесі ерекше бақылауға алынды. Жуырда Шардара ауданы аумағындағы Жаушықұм суару алқабында 24 тіркелмеген сорғы қондырғысы анықталып, тиісті шаралар қолға алынды. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігінің су саласындағы көлеңкелі нарықпен күрес аясында жүргізген тексерістерінің нақты нәтижесі.
Аталған жұмыстарды Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары жүргізген. Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша барлық материалдар жергілікті атқарушы органдарға жолданып, су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілеріне байланысты нақты ұсыныстар берілді. Бұл - тек табиғи ресурсты қорғау ғана емес, ауыл шаруашылығы мен экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды іс-шара.
Су - стратегиялық ресурс. Оны әділ, заң аясында пайдалану – қазіргі таңда еліміз үшін өзекті міндеттердің бірі. Әсіресе, Түркістан секілді суармалы егіншілік аймақтарында судың әділ әрі тиімді бөлінуі ауыл шаруашылығының тағдырына тікелей әсер етеді. Осы себепті заңсыз сорғы орнату мәселесіне көз жұма қарауға болмайды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында еліміз бойынша бассейндік инспекциялар 20 жоспарлы тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 заң бұзушылық тіркелген. Бұл бойынша 10 ұйғарым шығарылып, 13,3 млн теңгеге 133 әкімшілік айыппұл салынған. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 439 тексеру жүргізіліп, 1 855 заң бұзушылық анықталған. Бұл негізде 429 ұйғарым шығарылып, 48,4 млн теңге сомасына 582 әкімшілік айыппұл салынған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2024 жылғы 10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Су заңнамасын бұзушыларға қатысты жазалау шаралары қатайтылып, инспекцияларға жедел әрекет ету және бақылау функциялары заңды түрде беріледі. Бұл - су ресурстарын тиімді басқаруға, сондай-ақ қоғамның табиғи байлыққа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған реформа.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, жаңа Су кодексі елдегі су саласына тың серпін бермек. Әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістер суды заңсыз пайдалану фактілеріне тосқауыл қойып, аграрлық сектордың мүддесін қорғауға жол ашады.
Түркістан облысында тіркелмеген сорғыларды анықтау – үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Бұл мәселе барлық өңірлерде өзекті. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қатаң бақылау мен заңнамалық шаралар алдағы уақытта суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастырып, оның әділетті әрі тиімді бөлінуіне негіз болады.
Судың әр тамшысы – болашақтың кепілі. Сондықтан оны сақтау мен әділ бөлісу – баршамыздың ортақ міндетіміз.