«Таза Қазақстан»: Түркістан облысында қоршаған ортаны тазартуға жарты миллион адам үлес қосты

«Таза Қазақстан»: Түркістан облысында қоршаған ортаны тазартуға жарты миллион адам үлес қосты

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биылғы жылы кең ауқымды экологиялық жұмыстар қолға алынды. Қоршаған ортаны тазарту, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында өткізілген іс-шаралар өңірдің әлеуметтік-экологиялық ахуалына оң ықпалын тигізіп отыр.

Жалпы, облыс аумағында 7263 экологиялық іс-шара өткізу жоспарланса, оның ішінде 2614-і нақты жүзеге асырылды. Бұл науқандарға 458 657 тұрғын белсенді түрде қатысып, өз ауылдары мен қалаларын тазартуға үлес қосты. Тазалық жұмыстарына 2 980 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 9143 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылып, 509 мыңнан астам көшет егілді. Бұл — қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды қадамдардың бірі.

Аталған мәліметтер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды. Аймақ басшысы экологиялық тәртіп пен көгалдандыру ісін жүйелі түрде жүргізуді талап етіп, бұл жұмыстарды тікелей өз бақылауына алғанын атап өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Жыл басынан бері аталған жүйеге 2320 өтінім түскен, оның 2308-і орындалып, қалған 12-сі орындалу үстінде. Бұл — мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара әрекеттің нақты көрсеткіші.

Сонымен қатар, санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты 10 570 әкімшілік хаттама толтырылып, 262,5 млн теңге айыппұл салынған. Оның 142,6 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға жоғары көрсеткіш.

Бағдарлама аясында елімізде алғаш рет аэровизуалды мониторинг пен «109» жүйесінің интеграциясы іске қосылуда. Жауапты мекемелерге дронмен түсірілген бейнематериалдар мен фотодеректерді жедел түрде жүйеге енгізу тапсырылып, аудан мен қала әкімдіктері арнайы техникалармен қамтылуда. Бұл қадам — экологиялық ахуалды нақты және жедел бақылауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстары кейбір елді мекендерде толық шешімін таппаған. Осыған байланысты қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін Түркістан қаласында пилоттық режимде енгізу ұсынылды. Жаңа үлгі бойынша қалдықтар қағаз, шыны, металл, электронды қалдықтар мен пластик болып бес категорияға бөлініп, арнайы контейнерлер орнатылмақ.

«Таза Қазақстан» тек бір реттік шара емес, бұл — тұтас елдің экологиялық санасын жаңғырту жолындағы маңызды бағдарлама. Оның табысты іске асуы үшін мемлекеттік органдар мен тұрғындар бірлесе әрекет етуі қажет. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңірдің экологиялық бейнесін жақсартуға бағытталған нақты нәтижелер беруде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформациялануда. Осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі - ҚР...