Түркістан облысының Келес ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға нақты қадамдар жасалуда. Бүгінде ауданға қарасты 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, 88,4% көрсеткішке қол жеткізілді.
Алайда 19 елді мекенде әлі де су жүйесі толық тартылмаған. Осыған байланысты аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы жиын өткізіп, елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын талқылады. Жиын барысында шешімін таппаған түйткілдер мен олардың нақты шешу жолдары қарастырылып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда бұл 19 елді мекеннің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту, Ақжар секілді ауылдарда жаңа су жүйелерін тарту жұмыстары қарқын алған. Бұл — бірнеше мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Сонымен қатар, жаз мезгілінде Абай ауылындағы кейбір мөлтек аудандарда ауыз су тапшылығы орын алды. Тұтыну көлемінің артуына байланысты туындаған бұл мәселені уақытша шешу мақсатында арнайы су тасымалдау кестесі бекітіліп, тұрғындарға су жеткізу жүйелі түрде ұйымдастырылды. Бұған қоса, Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, толықтай іске қосылды. Бүгінде сол аумақтағы тұрғындар қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін пайдалана алады.
Ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін аудан көлемінде ауқымды инфрақұрылымдық жоба – «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» әзірленуде. Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумаққа 20 000 текше метрлік су қоймасын және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар жерге 600 текше метрлік кішігірім су қоймасын салу жоспарланған.
Бұл инфрақұрылымдық бастама 25 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартып, ауыз су тапшылығы мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді. Мұндай жобалар арқылы тек сумен қамтуды емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де жол ашылады.
Келес ауданында қолға алынған бастамалар халықтың күнделікті қажеттілігін өтеуге бағытталған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, аудан толықтай таза ауыз сумен қамтылған өңірлердің қатарына қосылатынына сенім мол.