Түркістан облысында халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Келес және Сарыағаш аудандарына арнайы іссапармен барып, медицина, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, тұрғындармен кездесу өткізді.
Іссапар барысында бірінші болып Келес ауданындағы Жүзімдік дәрігерлік амбулаториясы мен Бесқұбыр медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымының құрылысы тексерілді. Құрылыс барысы мен материал сапасы егжей-тегжейлі зерделеніп, тиісті тапсырмалар берілді. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, облыс басшылығы жеке инвестор Ж.Мелдешовпен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобалар жайлы пікір алмасты.
Бұдан кейін Бейсенбай Тәжібаев «Абай» Келес аудандық ауруханасына барып, емдеу мекемесінің қызметімен танысты. Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуалиев, облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Б.Мырзагелдиев, аудандық аурухананың басшысы С.Исахова және медициналық қызметкерлер қатысты. Сонымен қатар «Жаңақоныс» фельдшерлік-акушерлік пунктінің жұмысы да назарға алынды. Аталған мекемелердің қызмет сапасы мен тұрғындармен жұмыс істеу тәжірибесі талқыланды.
Кездесу барысында халықтың медициналық мекемені еркін таңдау құқығы туралы түсіндіру жүргізілді. Әкім орынбасары заңбұзушылықтарға жол бермеу, тұрғындарға әділ әрі қолжетімді қызмет ұсыну қажеттігін баса айтты.
Сапар аясында Бейсенбай Дәулетұлы Сарыағаш ауданы, Ынтымақ елді мекеніндегі №9 Майлықожа мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 1986 жылы салынған бұл оқу ордасының сыйымдылығы 824 оқушыға есептелген. Қазіргі таңда мектеп облыстық бюджет есебінен жөндеуден өтіп жатыр, құрылыс жұмыстары 25 мамырда басталған. Мектепті тамыз айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары жауапты құрылыс ұйымдарына жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды, әсіресе балалардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды тапсырды.
Сапар соңында Бейсенбай Тәжібаев Келес ауданындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық әлеуметтік осал топтарға – аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету мақсатында құрылған. Мұнда консультациялық қызметтер, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар, психологиялық көмек пен құқықтық кеңес беріледі.
2024 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша орталыққа 293 азамат жүгініп, оларға 481 түрлі қызмет көрсетілген. Бұл — облыста әлеуметтік қолдаудың нақты жүзеге асып жатқанын және мемлекеттік бағдарламалардың халыққа жетіп жатқанын көрсетеді.
Осындай кездесулер мен нысандарды тексеру арқылы өңір басшылығы әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын, сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-шағымдарын тікелей тыңдап, жедел әрекет етуді көздейді.