Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынып жатыр

Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынып жатыр

Түркістан облысында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған аса маңызды жоба – қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Құрылыс жұмыстары Сайрам ауданында қолға алынып, бүгінде нақты кезеңге жетті.

Жобаның іске асырылу барысын бақылау мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы жиын өткізіп, жауапты тұлғалардың есебін тыңдады. Кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстар, кездескен мәселелер және алдағы жоспарлар талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.

– Бұл – аса маңызды жоба. Уақтылы әрі сапалы атқарылуы тиіс. Жұмысшылар санын көбейтіп, жобаны жандандыру қажет. Облыс әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Жобаны жүзеге асырушы компания – «Түркістан БГҚ» ЖШС. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта инфрақұрылым тарту, газ және электр жүйелерімен қамту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Сонымен қатар, қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу процесі де жалғасып жатыр.

Жобаның басты инвесторы әрі акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Бұл – еліміздегі ірі мемлекеттік инвестициялық құрылым, энергетика саласындағы бірқатар жобаларды қолдап келеді.

Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылуда. Қазіргі таңда бетондау жұмыстары 64%-ға, ал металл конструкцияларды монтаждау жұмыстары 9,2%-ға орындалған. Жоба аясында қажетті құрал-жабдықтар мен металл конструкциялары өндіріс орындарынан жеткізілуде.

Жиын барысында жобаны жеделдету, қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және жұмыс күшімен толық қамту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар, нысанның уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету үшін логистикалық және әкімшілік кедергілерді жою жайында да тапсырмалар берілді.

Бу-газ қондырғысы іске қосылған жағдайда, бұл Түркістан өңірінің ғана емес, бүкіл оңтүстік аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығына үлес қоспақ. Сонымен қатар, жаңа өндірістік қуат көздерінің пайда болуы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында осындай ірі жобалардың жүзеге асырылуы – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, республикалық маңызы бар стратегиялық міндеттерді орындауға жол ашады. Алдағы уақытта бұл жобаның сәтті аяқталуы — елдің энергетика саласындағы тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында іске асырылып жатқан маңызды жоба - KIA маркалы автомобиль...