Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс әкімінің аппараты мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасын бақылауды күшейтіп, өңірлерде салынып жатқан құрылыс нысандарына үнемі мониторинг жүргізуде. Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шардара және Келес аудандарына барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың барысымен танысты.

Сапар барысында алдымен Шардара ауданына аялдаған аппарат басшысы аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен бірге Шардара қаласындағы жағажай аймағына апаратын жолдың құрылысымен танысты. Туризмді дамытуға бағытталған бұл жоба аясында қазіргі таңда жолды тегістеу және тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келешекте жол толық асфальтталып, жағажай аумағына электр желілері де тартылатын болады. Бұл жоба Шардараның туристік әлеуетін арттырып, жергілікті экономикаға оң серпін беруі тиіс.

Келесі нысан – «Өтеғұл» шағынауданында салынып жатқан 300 орындық жайлы мектеп. Еркебұлан Дауылбаев құрылыс барысымен танысып, мердігер ұйым өкілдеріне сапа мен уақыт талабын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Ж.Қолдасов көшесінде әлеуметтік осал топтарға арналған 10 тұрғын үйдің құрылысын аралап көрді. Мұнда да жұмыс сапасына ерекше мән беріліп, тұрғын үйлердің дайындық деңгейі сарапқа салынды.

Шардарада атқарылып жатқан тағы бір маңызды жұмыс – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы абаттандыру жобасы. №2 шағынауданда бұрынғы бей-берекет қоқыс төгілген аумақты қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аппарат басшысы бұл жұмыстардың экологиялық маңызын ерекше атап өтіп, елді мекендердің тазалығы мен көркейту жұмыстарының халық өміріне тікелей әсер ететінін жеткізді.

«Болашақ» шағынауданында жеке инвестиция есебінен бой көтеріп жатқан 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құрылысымен де танысу сапар барысында қаралды. Жобаның сапасы, инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілу деңгейі, құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігі қатаң назарға алынды. Еркебұлан Дауылбаев инвесторлармен кездесіп, үйлерді сапалы әрі уақтылы тапсырудың маңызын атап өтті.

Осы күні Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына барып, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың сүйемелдеуімен бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын көрді. Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп, спорт кешені және 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге, Біртілек ауылында 300 орындық мектеп салынып, Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай ғимараты да бой көтеруде.

Барлық нысандарда құрылыс қарқыны мен сапасына баса мән берілді. Аппарат басшысы мердігерлерге жұмыс кестесін ұстануды, сапа талаптарын сақтау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл нысандардың уақытылы пайдалануға берілуі – тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Jibek Joly 5.0 мәдени-туристік жобасының жаңа маусымы 19 қыркүйекте басталады. Бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған тур Ұлы Жібек жолы бойындағы...

Құрметті отандастар! Астана күні құтты болсын! Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы...