Түркістанның жаңа белесі: 7 жылдағы өркендеу және өндірістегі серпін

Түркістанның жаңа белесі: 7 жылдағы өркендеу және өндірістегі серпін

Түркістан облысының құрылғанына биыл жеті жыл толды. Осы уақыт аралығында өңір еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды. 2018 жылы облыс мәртебесіне ие болған Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі рөлі артқан сайын, экономикалық көрсеткіштер де еселеп өсе бастады. Соның бір дәлелі – жалпы өңірлік өнім көлемінің соңғы жеті жылда 2,6 есе артып, 4,5 трлн теңгеге жетуі.

Бұл көрсеткіш 2018 жылы небәрі 1,7 трлн теңге шамасында болған. Яғни, облыс өзінің өндірістік, инвестициялық және әлеуметтік әлеуетін тиімді пайдалана отырып, экономикалық картаның маңызды бөлігіне айналды. Мұндай көрсеткішке жетуде өндірістік сектордың үлесі зор. Өнеркәсіп өнімі соңғы жеті жылда 2,7 есе өсіп, бүгінде 1214 млрд теңгеге жетті.

Өсім, ең алдымен, металлургия, құрылыс индустриясы, мұнай өнімдерін өңдеу, жиһаз өндірісі және машина жасау салаларында байқалды. Бұл бағыттарда ашылған жаңа кәсіпорындар мен іске қосылған жобалар Түркістанның индустриялық келбетін қалыптастыруда. Облыс бойынша белсенді жұмыс істеп тұрған 405 кәсіпорында бүгінде 36 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі де серпінді дамып келеді. Тек биылдың өзінде жалпы құны 51,6 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске аспақ. Бұл өз кезегінде шамамен 1600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2018–2024 жылдар аралығында өңірде Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 56 млрд теңгеге 37 жоба жүзеге асырылып, 2500-ден астам адам жұмысқа орналасты.

Келесі кезеңде, яғни 2025–2031 жылдар аралығында, жалпы құны 629,4 млрд теңгені құрайтын тағы 12 ауқымды жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар облыс аумағында 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Ең ірі бастамалардың бірі – «ҚазАтомпром» компаниясының қолдауымен Созақ ауданында күкірт қышқылы зауытының салынуы. Құны 100 млрд теңгені құрайтын бұл зауытта 250 адам еңбек ететін болады.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өндірістік әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Өңір басшылығы инвестиция тарту, жаңа зауыт-фабрикалар салу, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Жаңа жобалардың жүзеге асуы тек облыстың ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні анық.

Түркістан бүгінде тек тарихи және рухани орталық қана емес, өндірістік қуаты артқан, тұрақты өсімге қол жеткізген өңірге айналып отыр. Алдағы жылдары қолға алынатын инвестициялық жобалар мен өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы облыстың даму қарқынын одан әрі күшейтпек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2025 жылғы 4 шілдеде Қытайда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің кинофестивалі аясында кинонарықтың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ...

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) «AI-Sana: инерциядан серпінге» ұранымен ауқымды...