Түркістан: Экономикалық серпіліс пен даму көшбасшылығы

Түркістан: Экономикалық серпіліс пен даму көшбасшылығы

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы Түркістан облысы үшін ерекше жетістікпен есте қалды. Өңір қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республика көлемінде 1-орынға шығып, тұрақты даму жолында айқын қадамдар жасап отыр. Бұл жетістік бір күннің нәтижесі емес – соңғы жылдары жүргізілген жүйелі саясат пен салалық ынтымақтастықтың жемісі.

Облыстың жалпы экономикалық өсімі 120,4%-ды құрады. Мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізуге бірқатар факторлар әсер етті. Атап айтқанда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің артуы, уран өндіру көлемінің көбеюі, құрылыс секторындағы қарқын және ауыл шаруашылығындағы нәтижелі науқан аймақтың дамуына тың серпін берді.

Биылғы бес айда облыстағы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 593 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға артық. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 280,4 млрд теңгені құраса, тау-кен саласындағы өнім 259,6 млрд теңгеге бағаланды. Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының тірегі болып, тұрақты инвестиция тартудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың көзіне айналып келеді.

Ауыл шаруашылығы саласы да жоғары көрсеткіштерге жетті. Өнім көлемі 194,3 млрд теңгеге жетіп, өсім 6,3%-ды көрсетті. Бұл Түркістан облысының аграрлық аймақ ретіндегі мәртебесін нығайта түсті. Қолайлы климат пен мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және экспорт әлеуетін күшейтуге жағдай жасап отыр.

Құрылыс секторында да айтарлықтай алға жылжу байқалады. Жыл басынан бері 117,4 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары орындалған. Бұл – былтырғыға қарағанда 1,4 есеге көп. Сонымен қатар 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш жоспардан 25%-ға асып отыр. Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі – өмір сапасының артуына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

Сауда саласындағы қозғалыс та көңіл қуантады. Сауда көлемі 269,7 млрд теңгені құрап, жоспар 1,6 есе артығымен орындалды. Бұл – өңір халқының тұтыну қабілеті мен кәсіпкерлік белсенділігінің көрсеткіші. Сонымен қатар, көлік және қоймалау саласындағы қызмет көлемі 209,3 млрд теңгеге жетіп, 23,4%-ға өскен. Байланыс қызметтері де 15,2%-ға өсіп, 4,9 млрд теңгені құрады.

Түркістан облысы бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі ретінде орнығып келеді. Жоспарлы экономикалық саясат, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту мен бизнеске жасалған қолайлы жағдайлар өңірдің келешегіне сеніммен қарауға негіз береді.

Алдағы уақытта да Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп, республикалық деңгейдегі көшбасшылықты сақтап қалу үшін барлық салада нақты жұмыстар жалғасады. Бұл – тұрақты дамудың кепілі әрі өңір халқының әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ханкенді қаласында (Әзербайжан) өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XVII саммитіне...

Рудничный ауылында Бас Прокурор Берік Асылов жаңа мектеп құрылысында «уақыт капсуласын» орнату салтанатты рәсіміне қатысты. Шараға облыс әкімі...

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектікті сырттай куәландыру процесіне медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары ресми түрде тартылып жатыр. Тізілімге...