Биыл еліміздің басты құжаты Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен «Қызғалдақ» сарайында салтанатты іс-шара өтті. Тарихи белесті айшықтаған бұл кештің мақсаты - ел азаматтарының құқықтық мәдениетін арттыру, Ата Заңның қоғамдағы маңызын насихаттау және ұлттық бірлікті нығайту, деп хабарлайды No-comment.kz - Шымкент қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
с-шара Мемлекеттік Ту мен Конституцияны сахнаға алып шығу рәсімімен басталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды.
Жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Конституцияның ел дамуындағы орнына тоқталып, барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтады.
– Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің берік діңгегі. Оның әрбір бабы халық игілігіне, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға арналған. Отыз жылда Қазақстан түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, қуатты мемлекетке айналды. Бұл жетістіктердің барлығы Конституция қағидаттарын бұлжытпай орындаудың, ел бірлігі мен ынтымағының жемісі десек болады. Біз Ата Заңымызды әрдайым қастерлеп, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек - деді қала басшысы.
Салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік медаль табысталды. Мерекелік кеш ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.