Конституция күні қарсаңында Ақсуат ауданы Екпін ауылында дәрігерлік амбулатория және Көктүбек елді мекенінде медициналық пункт ашылып, тұрғындар игілігіне берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ерсін Ескендіров қатысып, соңғы жылдары аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақсуат ауданында барлығы 9 нысан бой көтерді.
Атап айтқанда, Үштөбе және Екпін ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Қызылжұлдыз, Көктүбек, Сұлутал, Айнабастау, Аққала және Қожакелді елді мекендерінде медициналық пункттер салынды.
Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған Екпін ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 5 орта медицина қызметкері және 3 кіші қызметкер жұмыс істейді. Ал Көктүбек ауылдық медициналық пунктінде 1 фельдшер мен 1 санитар тұрғындарға қызмет көрсетеді.