Түркістан облысында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен орман шаруашылығын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте бұл саладағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Кездесу барысында табиғатты қорғау мекемелерінің есептері тыңдалып, олардың жұмысындағы олқылықтар мен шешімін күтетін түйткілдер кеңінен қарастырылды.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі облыстағы орман алқабының маңызды бөлігін қамтиды. Парк басшысы Ақыл Әбдіқадыровтың мәліметіне сүйенсек, мекеме 119 949 гектар аумақты қамтиды, оның 63 569 гектары орманды алқап. Қызмет үш бөлімше арқылы жүргізіліп келеді. Дегенмен техника мәселесі өзекті болып отыр: жалпы 50 техника болса, олардың біразы тозығы жеткен, әсіресе өрт сөндіруге арналған көліктер жаңартуды қажет етеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 148 рейд барысында 104 заңбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Парк техникаларын жаңарту мен көшет өсіруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – алдағы күннің маңызды міндеті.
Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесі де көгалдандыру ісінде белсенді еңбек етуде. Мекеме үш алқапта көшет өсірумен айналысады. Былтыр 950 мың көшет таратылса, биыл көктемгі маусымда 180 мың көшет дайындалған. Ауыз су жүйесі қалпына келтіріліп, 14 гектар игерілмеген жер айналымға қосылған. Бірақ жұмысшы саны жеткіліксіз. Мекеме басшысы қосымша штат беру мен кеңсеге жаңа ғимарат салу қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе де назарға алынып, тиісті құрылымдарға ұсыныстар жолданбақ.
Шардара ауданындағы «Орман және жануарлар әлемін қорғау» мекемесінің қызметі де маңызды. Соңғы үш жылда аталған мекеме Түркістанның жасыл белдеуіне және басқа да аудандарға 620 мыңнан астам көшет жеткізген. Тұқымбақтың кеңеюі жұмыс күшіне деген сұранысты арттырып отыр. Сонымен қатар, агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі де айтылды. Көшеттерді тарату барысында олардың жаңа ортаға бейімделуі – басты назарда болуы тиіс.
Мәжіліс барысында Нұрбол Тұрашбеков көшеттерді босату кезінде жергілікті климат пен топырақ ерекшеліктерін ескерудің маңызын атап өтті. Көбіне аудандарға көшеттер бөлінгенімен, олар отырғызылған жерде жерсінбей қурап қалуы жиі кездесетінін алға тартты. Бұл ретте, орман шаруашылығы мамандарына тыңғылықты жоспарлау мен ғылыми сүйемелдеу қажет екені айтылды.
Кездесу қорытындысында облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жауапты тұлғалар бекітілді. Әр мекеменің кемшіліктерін жою бойынша мерзім белгіленіп, есеп беру міндеттелді. Бұл – өңірдің орман қорын сақтау мен экологиялық жағдайды жақсарту бағытында маңызды қадам.
Орман шаруашылығын жүйелі дамыту, көгалдандыру жұмыстарына ғылыми тәсіл енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту – Түркістан облысы үшін экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі басымдықтардың бірі болмақ.