Төлебиде өткен сенбілікке әлем чемпионы Арман Оспанов қатысып, экологиялық мәдениетке үн қосты

Төлебиде өткен сенбілікке әлем чемпионы Арман Оспанов қатысып, экологиялық мәдениетке үн қосты

Түркістан облысы Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған елге белгілі спортшы, MMA жекпе-жегінің майталманы Арман Оспанов қатысты. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қолға алынған экологиялық мәдениетті дамыту бастамасының жалғасы ретінде өткізілді.

Табиғаты көркем Біркөлік шатқалында өткен сенбілікке аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың бастамасымен 100-ден астам мемлекеттік қызметкер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Шара аясында 12 шақырым аумақ қоқыстан тазартылып, 6 арнайы техника көмегімен тұрмыстық қалдықтар полигонға жеткізілді.

Сенбілікке қатысқан Арман Оспанов - әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем кубогының жеңімпазы, бразилиялық джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы және ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнирдің жеңімпазы. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері ретінде ол спорттағы жетістіктерімен ғана емес, елдің әлеуметтік бастамаларына белсенді қатысуымен де танымал.

-Табиғат -баршамыздың ортақ құндылығымыз. Оның тазалығы мен амандығы өз қолымызда. Бүгінгі сенбілік — табиғатқа деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің белгісі. Әр адам өзінің тұрған ортасын таза ұстауға мән берсе, еліміз әлдеқайда көркейіп, ұрпаққа таза мұра қалдырады, — деді Арман Оспанов тазалық акциясы барысында сөйлеген сөзінде.

Іс-шара барысында демалыс аймағындағы өзен жағалаулары, жол жиектері, орман маңы қоқыстардан тазартылып, табиғи аумақтың экологиялық жағдайы жақсартылды. Қатысушылар тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастамауға және тұрақты сенбілікке атсалысуға шақырды.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз сөзінде, соңғы жылдары өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға арналған нақты жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Соның бірі — өңірдегі демалыс орындарын санитарлық тұрғыдан күтіп ұстау. Оның айтуынша, жазғы маусымда демалушылар саны артқан сайын, қоршаған ортаға түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан осындай шаралар тек бір реттік акция емес, жүйелі әрі тұрақты үрдіске айналуы тиіс.

Сондай-ақ, әкім демалыс орындарында бейнебақылау орнату, қоқыс жәшіктерін көбейту, арнайы ақпараттық белгілер орнату секілді нақты қадамдар жоспарланып отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында кең көлемде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірде ондаған сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. Мемлекеттік мекемелермен қатар, жергілікті қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер де атсалысуда.

Бұл бастамалар — қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттырудың нақты көрінісі. Түркістан өңірінің көркі мен табиғи байлығын сақтау үшін әр тұрғынның атсалысуы аса маңызды. Арман Оспанов сынды ел ағаларының бұл үдеріске қосқан үлесі көпке үлгі болары анық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру аясында...