Түркістанда балалар орталығында өрт тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді

Түркістанда балалар орталығында өрт тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді

Түркістан қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы жоспардан тыс өрт-тактикалық жаттығу өткізді. Бұл жолғы шартты жаттығу Ерубаев көшесі №201а мекенжайында орналасқан «Балаларды оңалту орталығы» ғимаратында өтті.

Шартты түрде ұйымдастырылған бұл жаттығу барысында өрт сөндірушілер орталықтың ғимаратынан адамдарды қауіпсіз эвакуациялау, түтін басқан аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, өрт ошағын оқшаулау және жою әрекеттерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Мұндай жаттығулардың басты мақсаты – оқыс оқиға кезінде өрт сөндірушілердің өзара әрекет ету тиімділігін тексеру ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер мен мекеме өкілдерінің төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуіне дайындық деңгейін арттыру.

Жаттығуға мекеме қызметкерлері де тартылып, қауіпсіздік ережелерін іс жүзінде орындады. Эвакуациялау барысында балалалар мен қызметкерлер белгіленген тәртіп бойынша сыртқа шығарылып, қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Қызметкерлерге нақты іс-қимыл алгоритмі түсіндіріліп, әр бөлімнен эвакуация уақытын қысқарту тәсілдері талқыланды. Орталықта денсаулығында ақауы бар балалардың болуы бұл нысандағы қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар нақты жағдайға негізделіп, жоғары дайындықпен өтеді.

Оқу-жаттығу барысында №1 МӨСБ жеке құрамы өрт сөндіру автокөліктері, тыныс алу аппараттары мен өрт сөндіру құралдарын қолданды. Жеке құрам нысан ішіндегі эвакуация жолдарын, өрт сөндіру құралдарының орналасуын, электр желілерін және өрттің таралу мүмкіндігін толық зерттеді. Бұл мәліметтер шынайы төтенше жағдайда іс-әрекетті жылдам әрі дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жаттығу аяқталғаннан кейін орталық қызметкерлерімен өрт қауіпсіздігіне қатысты нұсқама жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, бастапқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәртібі, өрт шыққан жағдайда хабарлау жүйесін пайдалану және алғашқы әрекеттерді орындау ережелері бойынша кеңес берді. Сонымен қатар, қызметкерлерге арнайы жадынама парақшалары таратылды.

Орталықтың әкімшілігі осындай жаттығулардың жүйелі түрде өткізілуі мекеме қауіпсіздігі мен қызметкерлердің дайындық деңгейін айтарлықтай арттыратынын атап өтті. Олар өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптарды күнделікті тәжірибеде қолдануға дайын екендерін білдірді.

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырып, әлеуметтік маңызы жоғары нысандарда (балабақша, мектеп, аурухана және халық көп жиналатын орындарда) оқу-жаттығу сабақтарын тұрақты өткізуді көздеп отыр. Бұл қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы жүйелі жұмыстың бір тармағы.

Жалпы, өрт қауіпсіздігі — тек құтқару қызметінің міндеті емес, ол әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мекемелерде қауіпсіздік талаптарын сақтау, өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын тексеру және қызметкерлердің дайындық деңгейін үнемі арттырып отыру — қауіптің алдын алудың негізгі кепілі. Ал Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды сапалы және жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Jibek Joly 5.0 мәдени-туристік жобасының жаңа маусымы 19 қыркүйекте басталады. Бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған тур Ұлы Жібек жолы бойындағы...

Құрметті отандастар! Астана күні құтты болсын! Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы...