Түркістан қаласында «Цифрлы қауіп – ортақ міндет» атты ауқымды ақпараттық форум өтті. Шараны Төлеби аудандық полиция бөлімі ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыру болды.
Қазіргі таңда интернет кеңістігіндегі алаяқтық – қоғам үшін басты қауіптердің бірі. Түрлі фишингтік шабуылдар, жалған инвестициялық платформалар, әлеуметтік инженерия әдістері арқылы азаматтардың жеке деректері мен қаражаты қолды болуда. Осындай жағдайда тұрғындармен ашық диалог орнату, оларды нақты мысалдармен ақпараттандыру – алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Осы мақсатпен ұйымдастырылған форумға аудан басшылығы, Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілдері, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары, IT-сарапшылар, банк қызметкерлері мен заңгерлер қатысты.
Форумда Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығының міндетін атқарушы Е.Шәкім қазіргі интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталды. Ол онлайн шоттардың бұзылуы, банктік фишинг, жалған SMS-хабарламалар арқылы адамдарды алдау және инвестициялық алаяқтықтың құрылымдық сызбаларын нақты мысалдармен көрсетті. Шәкімнің айтуынша, интернет алаяқтарының әдістері күн сайын жетіліп келеді және олардың басты нысанасы – цифрлық сауаты төмен азаматтар.
Іс-шараның маңызды бөлігінде “Digital Road” қауымдастығының басшысы, IT саласының маманы С.Кеңесбай сөз сөйлеп, интернетті қауіпсіз пайдалану бойынша пайдалы кеңестер ұсынды. Ол қатысушыларға құпиясөздердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екі факторлы аутентификацияны пайдалану, ашық Wi-Fi желілерінен сақтану, күмәнді хабарламаларға жауап бермеу секілді ережелерді түсіндірді. Кеңесбай сондай-ақ оқушылар мен студенттер үшін арнайы оқыту бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Банк саласының атынан “Қазақстан Халық банкі” АҚ облыстық филиал директорының орынбасары С.Бекбашов сөз алып, қаржы алаяқтығының механизмдерін тарқатты. Ол әлеуметтік инженерия — алаяқтардың сенімге кіру арқылы азаматтарды өз еркімен банк деректерін беруге көндіру әдісі екенін түсіндіріп, бұл схема Түркістан қаласының өзінде де кең таралғанын нақты оқиғалармен дәлелдеді. Онлайн төлемдер, аударымдар, QR-код арқылы алдау сияқты құралдар алаяқтардың басты қаруы болып отыр. Банк өкілі клиенттерге тек ресми қосымшалар мен сервистерді пайдаланып, күмәнді қоңырауларға ешқашан жеке деректер бермеуге кеңес берді.
Форум барысында көрермендерге арнайы бейнероликтер ұсынылды. Олар нақты өмірдегі оқиғаларға негізделіп түсірілген, шынайы және ескерту сипатындағы сюжеттер болды. Бұл материалдар қатысушыларға алаяқтардың жұмыс істеу тәсілдерін нақты елестетуге көмектесті. Жастар мен зейнет жасындағы азаматтар мұндай форматтағы ақпаратты оңай қабылдайтынын айтқан ұйымдастырушылар, осындай визуалды құралдарды алдағы уақытта да белсенді қолдануға ниетті.
Форумға қатысушылар ақпараттың өзектілігін және ұсынылған кеңестердің практикалық маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар осындай ашық іс-шаралар интернет-алаяқтықпен күресте үлкен рөл атқаратынын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, цифрлық ортадағы қауіпке тек мемлекет тарапынан емес, әр азаматтың да жауапкершілікпен қарауы қажет екені кеңінен айтылды.
Түркістанда мұндай форумдар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала тұрғындарының цифрлық сауатын арттыру арқылы ғана интернет кеңістігінде өз құқықтары мен қаржысын қорғау деңгейін көтеруге болады. «Цифрлы қауіп – ортақ міндет» форумы – дәл осы мақсатқа бағытталған сәтті қадамдардың бірі.