Соңғы жылдары Түркістан қаласында қаржылық пирамидаларға алдану жағдайлары жиілеп кетті. Бұл — азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігін және алаяқтардың әдістерінің жетілдіріліп келе жатқанын айқын көрсетеді. Қаржы пирамидасы – бұл оңай әрі жылдам табыс уәдесімен адамдардың ақшасын алдап жинайтын жүйе. Мұндай ұйымдар бастапқыда сенімді инвестициялық жоба ретінде көрінеді, бірақ түптеп келгенде, заңсыз әрекетке негізделген.
Қаржы пирамидасының басты ерекшелігі — нақты өнім немесе қызметтің болмауы. Оның орнына қатысушыларға жаңа адамдарды тіркесе, үстеме пайда түсетіні айтылады. Жаңа салымшылардың ақшасы бұрынғыларға төленіп отырады. Бұл жүйе жаңадан адам келіп тұрған кезде ғана жұмыс істейді. Ал қатысушылардың саны азайса, жүйе құлайды.
Мұндай алаяқ ұйымдар әлеуметтік желілерде белсенді. Олар тартымды жарнама жасайды, кәсіби сайттар мен логотиптер дайындап, өздерін заңды компания ретінде көрсетеді. Кейде “блокчейн”, “криптоинвестиция”, “халықаралық жоба” деген сияқты заманауи терминдерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіреді.
Қаржылық пирамидалардың негізгі белгілері мыналар:
-
Жоғары табыс уәдесі. «Ай сайын 20–30% пайда түседі» деген уәде — басты белгі.
-
Тауар немесе қызметтің нақты еместігі. Көбіне өнім атымен ғана бар немесе мүлде болмайды.
-
Жаңа қатысушыларды тарту талабы. Кіріс — жаңа адамнан келетін жарна.
-
Лицензияның жоқтығы. Заңды түрде тіркелмеген, қаржылық реттеуші органдарда есепте тұрмайды.
-
Қысым мен асығыстық. «Қазір кірмесең, кеш қаласың» деген тәсіл жиі қолданылады.
Түркістанда осындай схемаларға сеніп, ақшасынан айырылған азаматтар аз емес. Кейбірі несие алып, туыстарын да тартқан. Бұл – тек қаржылық емес, әлеуметтік проблемаға айналған. Қаржы пирамидалары тек қалтаға емес, отбасылық сенімге де нұқсан келтіреді.
Мұндай жүйелерден сақтану үшін бірнеше қарапайым қағиданы есте сақтау қажет:
-
Жоғары табыс уәдесіне күмәнмен қарау. Нарықта 100% кепілдендірілген табыс болмайды.
-
Компанияның заңдылығын тексеру. Лицензиясы бар ма, тіркеу нөмірі нақты ма – міндетті түрде тексеріңіз.
-
Қаржылық механизмнің ашықтығына назар аудару. Ақша қайдан түседі, қалай көбейеді – бұлыңғыр болса, бұл – қауіп белгісі.
-
Жақын адам ұсынса да – зерттеңіз. Пирамидалар көбіне «таныс арқылы» тарайды.
Қаржылық сауаттылық – бүгінгі күннің басты қажеттілігінің бірі. Түркістан қаласында бұл бағытта құқық қорғау органдары, банктер мен білім мекемелері түрлі тренингтер, семинарлар ұйымдастырып келеді. Жастарға, зейнеткерлерге арналған түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
Қаржы пирамидасына түсіп қалмаудың ең сенімді жолы – білім. Ақшаңызды қайда және не үшін жұмсап жатқаныңызды түсініп әрекет ету – болашақ қауіпсіздігінің кепілі. Оңай табыс деген – көбіне оңай алдану. Сенімді ақпарат, сауатты шешім және заңды ұйымдармен жұмыс істеу – кез келген азаматтың жеке қорғанысы.