Алматыда құқықтық хабардарлық пен цифрлық қызметтер қолжетімділігі өсуде

Алматыда құқықтық хабардарлық пен цифрлық қызметтер қолжетімділігі өсуде

2025 жылы Алматы қаласында құқықтық мәдениетті арттыру және заң үстемдігін бекіту бағытында сот жүйесінің цифрландыруынан бастап, азаматтардың құқықтық сауатын жетілдіруге дейінгі кешенді шаралар жүйелі түрде іске асырылды.

Сот процестерінің ашықтығы мен қолжетімділігіне басымдық беру мақсатымен 2025 жылғы алғашқы жартыжылдықта Алматы қаласындағы барлық аудандық сот залдары бойынша онлайн сот отырыстарына қатысу үлесі 70 %-ға дейін көтерілді. Бұл көрсеткіш «E‑Sot» платформасының қазақстандықтар үшін тиімді құралға айналғанын көрсетеді. Сонымен қатар, «Сот кабинеті» порталы арқылы азаматтық іс жүргізулерге және шешімдерге қолжетімділік қамтамасыз етіліп, 287 000 шақыру қағазы жолданды, ал 33 921 азамат сот құжаттарымен онлайн танысу мүмкіндігін пайдаланған.

Сот жүйесін реформалау аясында 2024 жылдың шілдесінде қабылданған Конституциялық заң негізінде 2025 жылдың шілдесінен бастап кассациялық инстанциялар кеңейтілді. Бұл өзгерістер сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға оң ықпалын тигізе бастады.

Мемлекеттік қызметтің құқыққа сәйкес жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру маңызды басымдықтардың бірі болып қала беруде. 2024 жылы тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметкерлер саны 219 болса, 2025 жылдың алты айында бұл көрсеткіш 142-ге дейін төмендеген. Бұл – мемлекеттік аппараттағы құқықтық тәртіптің күшейгенінің айғағы.

Құқық қорғау органдары да алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейтіп келеді. 2025 жылдың 23 мамырында білім беру ұйымдарында «Полиция — балалардың қорғаны» ұранымен кең көлемді іс-шаралар өтті. «Құқықтық тәртіп» тақырыбында өткізілген танымдық кездесулер мен пікірталастарға 100 мыңнан астам оқушы қамтылып, оқушылар арасында құқықтық нормалар мен мінез-құлық ережелері кеңінен түсіндірілді.

Одан бөлек, Алматы қаласының прокуратурасы жастармен тығыз жұмыс жүргізіп, «Zhastarmen» платформасын белсенді түрде дамытып отыр. Telegram арнасы арқылы жұмыс істейтін бұл жоба арқылы жастар құқықтық ақпарат алып, есірткіге қарсы науқандарға қатысып, құқықбұзушылықтар туралы анонимді түрде хабарлай алады. «Zhastarmen» арнасына бүгінде 4 000-нан астам қолданушы тіркелген. Платформа аясында ондаған рейд өткізіліп, тыйым салынған заттарды насихаттаған жүздеген анонимді арна жабылды, сондай-ақ, 6 000-нан астам заңсыз граффити жойылды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында Алматы полициясы 2025 жылдың алғашқы жартысында 14 000-нан астам құқықтық түсіндіру іс-шараларын өткізді. Соның нәтижесінде тұрмыстық құқықбұзушылықтар 11 %-ға төмендеді. Бұл — құқықтық мәдениеттің қалыптасып, азаматтардың құқық бұзуға деген төзбеушілік көзқарасының арта түскенін көрсетеді.

Сонымен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған заңнамалық өзгерістер 2024 жылдың маусымынан бастап күшіне енді. Нәтижесінде 2025 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген жағдайлардың саны 30 %-ға қысқарды. Бұл жетістік – құқықтық реформалар мен кең көлемді ақпараттық-насихат жұмыстарының нақты нәтижесі.

Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан кешенді реформалар Алматы қаласында құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, сот төрелігінің ашықтығын нығайтуға және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға нақты әсер етуде. Цифрландыру, құқықтық ағарту, алдын алу жұмыстары және құқық қорғау құрылымдарының тиімді әрекеттері — барлығы құқықтық мемлекеттің нығаюының кепілі ретінде қызмет етуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс-Антуан Чисекеди Чиломбоны Конго Демократиялық Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ...