Оның айтуынша, жобаға балалар белсенді түрде қатысып жатқанына қарамастан, жергілікті жерлерде жүйелі мәселелер туындап жатыр.
«Айта кететін болсақ, кезектіліктің ашық болмауы, өтінімдердің қайталануы, ұйымдардың тізімі шектеулі болуы, кейбір жерлерде көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылаудың болмауы сияқты мәселелерді ата-аналар жиі айтады. Сонымен қатар тиімсіз шығындар, қамту көрсеткішінің төмендігі және мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде формальды қарау жағдайлары да анықталуда. Осы аталған мәселелерді жүйелі түрде ұымдастыру үшін қосымша білім беру саласын ваучерлік қаржыландыруды енгізу туралы шешім қабылданды», – деді спикер.
Бұл жүйеде әр балаға бір үйірме немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік беретін электронды ваучер ұсынылады. 2025 жылдың маусым айынан бастап дайындық жұмыстары басталды, 4 министрлік Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында пилоттық жобаны бастады. Ваучерлік қаржыландырудың жаңа моделінде бірқатар негізгі шешімдер мен бағыттар енгізілуде.