«Сыр толқыны» - күй өнерінің жаңа серпіні

«Сыр толқыны» - күй өнерінің жаңа серпіні

Қызылорда қаласында Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Сыр толқыны» атты II республикалық күйшілер конкурсы өз мәресіне жетті. Биылғы байқау көрнекті күйшi Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 24 талантты орындаушы өз өнерін ортаға салып, ұлттық мұраны дәріптеу жолында бақ сынады.

Қазылар алқасының құрамында еліміздің белгілі күйші-композиторлары мен өнер саласының танымал қайраткерлері болды. Олар қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, дәстүрлі күй өнерін жеткізу мәнеріне баса назар аударды. Байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен қатысушылардың дайындық деңгейі өнерсүйер қауымды ерекше қуантты. Көрермендер күй арқылы халқымыздың тарихы мен рухын сезініп, рухани шабыт алды.

Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда облысының үміткері Махамбетхан Досымжан бас жүлдені жеңіп алып, өңір мәртебесін асқақтатты. Сонымен қатар, Алматы, Астана, Қарағанды, Маңғыстау және басқа облыстардан келген өнерпаздар да жүлделі орындарға ие болды.

Бұл өнер аламаны – жас таланттарды қолдау мен күй өнерінің өміршеңдігін дәлелдейтін маңызды алаң. Домбыраның күмбірі арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық рух жалғасын тауып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ