Қызылорда қаласында алғаш рет әуесқой футбол командалары арасында халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Хан–Bekbatyr Cup» турнирі өтті. Бұл бастама Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан әуесқой футбол лигасы және спорттық қауымдастықтардың бірлесуімен жүзеге асты. Алаңға Қырғызстаннан және еліміздің барлық облыстарынан жиналған 20 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті.
Турнирдің басты мақсаты — бұқаралық спортты, әсіресе әуесқой футболды дамыту, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және халықаралық спорттық байланыстарды нығайту. Финалдық ойында Қырғызстанның AKFA командасы Қызылорданың «Алтын Айдарлы–SQB» ұжымын 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Бас жүлде ретінде жеңімпаз командаға 5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы және шетелге жолдама табысталды. Жергілікті жанкүйерлер өз командасының финалға дейін жетіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткеніне зор ризашылық білдірді.
Қызылорда облысында әуесқой футбол соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Осындай ауқымды жарыстар өңірде спорт мәдениетін нығайтып, жастарды салауатты өмір салтына бағыттайды. Алдағы уақытта бұл турнир дәстүрлі түрде жалғасады деп күтілуде.