Қуанышбекова Нұржамал Нұржігітқызы – тәжірибелі жоғары санатты аға мейірбике, өз ісінің нағыз шебері.
1997 жылы Шымкент медицина колледжін «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын облыстық эндокринологиялық диспансерде мейірбике ретінде бастады. 2000 жылы жаңадан ашылған облыстық кардиологиялық орталыққа ауысып, №3 кардиология бөлімшесінің аға медбикесі болып тағайындалды. 2009 жылы кардиохирургия бөлімінің ашылуына байланысты анестезиология, қарқынды терапия және реанимация бөлімінің аға медбикесі лауазымына көшірілді.
2021 жылы мекеме «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ ретінде қайта құрылғаннан кейін де, осы орталықта 25 жылдан астам уақыт үздіксіз қызмет атқарып келеді.
2022 жылы «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан» «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша академиялық дәрежесін алды. Мейірбикелік іс бойынша жоғары біліктілік санаты бар. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік қызмет атқарады.
Нұржамал Нұржігітқызы – өз қызметіне адал, ұқыпты, тиянақты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман. Бастаған істі аяғына дейін жеткізетін табандылығы, ұжым ішіндегі беделі, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуы – оның кәсібилігін дәлелдейді.
Марапаттары:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы;
- «AQNIET» салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы;
- КЕАҚ «Шымкент жүрек орталығының» Құрмет грамотасы.
Қуанышбекова Нұржамал – мейіргерлік істің барлық талаптарын жетік меңгерген, білікті, тәжірибелі, өз ісіне жан-тәнімен берілген мейірбике.
Нұржамал Нұржігітқызының еңбек жолы – нағыз жанқиярлықтың, табандылықтың және кәсіпке деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі. Ол күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген кардиохирургиялық бөлімшенің ажырамас бөлігі ретінде күрделі әрі жауапты сәттерде кәсіби шешім қабылдай біледі. Науқастардың жағдайын үнемі бақылауда ұстап, әрбір әрекетті мұқият орындауы – оның тәжірибесінің, жанашырлығы мен шеберлігінің айғағы.
Науқастар да Нұржамал Нұржігітқызын жылы қабағы мен қамқор көңілі үшін ерекше құрметтейді. Оның кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттері көптеген жүректерге үміт пен сенім сыйлайды. Қиын жағдайларда сабыр сақтап, кез келген мәселені жан-жақты шешу қабілеті – оның қызметінің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Қуанышбекова Нұржамал – медициналық қызметтің алдыңғы шебінде жүрген мейірбике ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің сенімді тірегі. Оның үздіксіз еңбегі, кәсібіне деген адалдығы – Шымкент қаласының әлеуметтік-демографиялық дамуына қосылып жатқан маңызды үлес. Осындай жанашыр, өз ісіне берілген мамандардың арқасында қоғамда мейірімділік пен сенім арта түсуде.
Жоғары білікті тәжірибелі аға мейірбике
