Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Көшпелі қабылдау» акциясы сәтті өткізілді. Іс-шараны қалалық прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп өткізді.
Аталған акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың өзекті мәселелерін жедел қарастырып, оларды шешу жолдарын ұсыну, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты нығайту болды.
Іс-шара барысында қала тұрғындары прокуратура, ішкі істер департаменті, әділет басқармасы, аудан әкімдіктері мен өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен тікелей құқықтық кеңес алды. Тұрғындар жеке өтініштері мен сұрақтарын ашық түрде жеткізіп, нақты жауаптар алды. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі әлеуметтік көмек, жер даулары, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелері бойынша жүгінді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары да акцияға белсене қатысты. Олар халыққа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, мемлекеттік қолдау құралдары мен әлеуметтік жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, ерікті түрде солтүстік өңірлерге көшу, қайтарымсыз гранттар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, «Күміс жас» жобасы, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс және әлеуметтік жұмыс орындары сияқты бағдарламалар бойынша кеңестер ұсынылды.
Акция аясында түрлі сала мамандары тұрғындармен бетпе-бет кездесу арқылы өз салаларына қатысты мәселелерді нақты түсіндіріп, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп отырды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыра түсті.
«Көшпелі қабылдау» акциясы әлеуметтік әлжуаз топтарға ерекше назар аударып, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыз азаматтармен де жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Әсіресе, тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарға мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі туралы толық мағлұматтар беріліп, қажетті бағыттар бойынша жолдама ұсынылды.
Қала тұрғындары мұндай іс-шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Ауыл-аймақтар мен шалғай тұрғын аудандарда өткен қабылдаулар халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, нақты көмек алуға жол ашты. Бұл – ашық әрі нәтижелі диалогтың үлгісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулер жалғасын табатын болады. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелерді бірге шешуге бағытталған бұл бастама – халық пен билік арасындағы көпір іспеттес.