Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын үйлестіруге арналған кезекті комиссия отырысы өтті. Оған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Алтеев төрағалық етті. Жиынға мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жұмысшы кадрларды даярлау, жалақы қарыздары, еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік көмек шаралары туралы баяндап, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жөнінде есеп берді. Сонымен қатар, білім басқармасы мен жұмыспен қамту басқармасы еңбек нарығына қажет мамандықтар бойынша оқыту және дуалды білім беру жүйесін дамытуға қатысты шараларымен бөлісті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті әлеуметтік шиеленіс қаупі бар кәсіпорындар бойынша алдын алу жұмыстары туралы баяндама жасады. Қазіргі таңда еңбек заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Жиында сондай-ақ, жалақы бойынша берешектерді өтеу, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер департаменті мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тиісті ақпарат ұсынды.
Отырыс соңында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар баяндалды. Комиссия мүшелері еңбек мәдениетін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Комиссия барысында қатысушылар еңбек заңнамасын сақтау, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау, өндірістегі тұрақтылық пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлескен жұмыс қажеттігін де көтерді. Келешекте аталған бағыттағы мониторинг пен алдын алу шаралары күшейтілетін болады.
Сонымен қатар, жиын соңында қатысушылар тарапынан жаңа бастамалар мен ұсыныстар талқыланып, оларды келешек жұмыс жоспарына енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде өңірдегі еңбек қатынастарын жетілдіруге және әлеуметтік серіктестікті нығайтуға оң әсер етеді.