Шымкентте Еңбек мобильділігі орталығының 6 айлық жұмысы қорытындыланды

Шымкентте Еңбек мобильділігі орталығының 6 айлық жұмысы қорытындыланды

Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты саралануда. Қаладағы Еңбек мобильділігі орталығының 2025 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметінің нәтижелері талқыланған жиын барысында Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы нақты деректер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Жиынның басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бағалау, халықты жұмыспен қамтудың тиімді әдістерін қарастыру және еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешу. Басқарма басшысы өз сөзінде халықты жұмыспен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі екенін атап өтіп, бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі шолу жасады.

Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы алты айында субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың саны айтарлықтай жоғары. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 596 жас маман жұмысқа орналастырылса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 131 жас еңбек жолын бастады. Сонымен қатар, егде жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы бойынша 352 адам өз кәсібін табуға мүмкіндік алды. Тұрақты жұмыс орындарына 6016 азамат жолданғаны – бағдарламалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Жанат Өмірсейітқызы сондай-ақ квотамен жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударды. Жыл басынан бері мүгедектігі бар 67 азамат пен пробация есебінде тұрған 22 адамның жұмысқа орналасуына жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті әкімдік пен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті қажет етеді. Осы орайда, басқарма басшысы барлық жұмыс берушілерді белсенді қатысуға шақырып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тең мүмкіндік ұсынудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында жұмыспен қамту саласындағы басқа да маңызды бағыттар сөз болды. Соның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздерін үйрету, қайтарымсыз гранттар беру, электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасу сынды шаралардың тиімділігі талқыланды.

Жанат Өмірсейітқызы өз сөзінде орталық қызметінің тиімділігін арттыру үшін тұрғындармен кері байланысты нығайту, мобильді қабылдаулар санын көбейту, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуды кеңейту және жұмыс берушілермен өзара тиімді механизмдерді қалыптастыру басты міндеттердің қатарында екенін жеткізді.

Отырыс соңында басқарма басшысы жұмыспен қамту саясатының стратегиялық маңыздылығын тағы да еске салып, әлеуметтік әріптестікті дамыту арқылы еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін айтты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатыны белгілі болды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер...