Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүргізілуде

Түркістан қаласында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен мәжілісте өңірдегі ағын су тапшылығы, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды. Бұл – еліміздің су шаруашылығын дамытудағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Себебі жылдан-жылға су ресурстарының тапшылығы артып келеді. Осыған байланысты су инфрақұрылымын жаңғырту мен суды тиімді пайдалануға арналған шаралар еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынып жатыр.

Жиын барысында министр 10 маусымнан бастап күшіне енген жаңа Су кодексінің ерекшеліктерін таныстырып өтті. Жаңа құжатта су үнемдеу технологияларына басымдық берілгені және бұл бағытта жұмыс істейтін шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау артатыны айтылды. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда суды ысырап етпей, тиімді әрі ұтымды пайдалану — заман талабы. Бұл тек табиғатты қорғау үшін емес, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру мен тұрақты даму үшін де маңызды.

Облыс басшылығы өз кезегінде өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді. Бүгінде Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл – еліміздегі барлық суармалы алқаптың төрттен бірі. Биылғы жылы осы жерлердің 59 мың гектарына су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштің 46 мың гектары игерілген. Қалғаны вегетациялық маусым аяқталған соң қамтылмақ.

Су ресурстарының тапшылығы мен оларды тиімді пайдалану мәселесі ел Президентінің тікелей бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтау және су нысандары инфрақұрылымын жаңарту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмаларды орындау аясында Түркістан облысында бірқатар кешенді жобалар жүзеге асып келеді.

Облыстық бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде соңғы жылдары көптеген су нысандары жөндеуден өтті. Мәселен, 2023 жылы 43 шақырымды құрайтын 11 су нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 1 350 шақырым қашыртқы каналдар механикалық тазалаудан өткізілді. Бұл өз кезегінде 2,9 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуге және 26,9 мың гектардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасып, 59 шақырымды қамтитын 13 нысанда күрделі жөндеу басталды. Сонымен қатар, республикалық меншіктегі 122,8 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба қолға алынған.

Су нысандарын қалпына келтіру және тиімді пайдалану мақсатында арнайы техникалармен жабдықтау да жолға қойылған. Соңғы екі жылда «Тұран су» кәсіпорнына 3,6 млрд теңгеге 60 бірлік техника сатып алынды. Осының арқасында 2025 жылдың алты айында 533 шақырымнан астам канал механикалық жолмен тазартылды. Бұл – су жеткізу сапасын арттырып, шаруалар үшін үлкен қолдау.

Мәжіліс барысында облыстағы вегетациялық маусымның өту барысы да қаралды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға көп. Оның ішінде суармалы жерлердің көлемі – 552 мың гектар. Егіс алқаптарына қажетті су шаруалардың сұранысына сәйкес дер кезінде босатылып, маусым тұрақты өтуде.

Су үнемдеу технологияларын енгізу тек экологиялық емес, сонымен бірге экономикалық тиімділікке де әкеледі. Мемлекет тарапынан мұндай технологияларды енгізуге арналған шығындардың 80%-на дейін субсидия қарастырылған. Сондай-ақ ұңғыма қазу сияқты жұмыстар да осындай көлемде қаржылық қолдауға ие. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Су үнемдеу технологияларының кеңінен енгізілуі – өңірдің аграрлық әлеуетін сақтап, болашақта тұрақты даму жолына түсірудің басты шарты болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ