Түркістан қаласында «Ақылды қала» жобасын іске асыру жұмыстары жаңа серпін алуда. 2024 жылғы есеп бойынша Түркістан аталған жоба аясындағы даму көрсеткіші бойынша республика көлемінде 12-орынға тұрақтап, 74,6 пайыздық нәтижеге қол жеткізген. Бұл көрсеткішті жақсарту және жобаны толық жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігінде арнайы мәжіліс өтіп, нақты міндеттер айқындалды.
«Ақылды қала» жобасы Түркістанның инфрақұрылымын заманауи стандарттарға сәйкестендіріп, қалалық қызметтерді цифрландыру арқылы тұрғындар өмірін жеңілдетуге бағытталған. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров цифрландыру саласының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, өңірлік инфрақұрылымды дамытуда бұл жобаның маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, күннен қуат алатын және энергия үнемдейтін шешімдер енгізу қажеттігін атап өтіп, 2025 жылға арналған Жол картасына нақты толықтырулар енгізуді тапсырды.
Жоба аясында Түркістан қаласында қазіргі таңда 19 негізгі бағыттың 11-і жүзеге асырылған. Қалған 8 бағытты толық орындау үшін келесі бастамалар қолға алынбақ: «ақылды аялдамалар» салу, көше жарықтандыру жүйесін цифрлық негізде жаңарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ақылды есептегіштер орнату, коммуналдық төлемдерге арналған бірыңғай есеп айырысу орталығын құру, ахуалдық орталық ашу, қоқыс контейнерлерін цифрландыру, қаланың бірыңғай мобильді қосымшасын жасау және тағы басқа.
Бұл бағытта Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен қалалық әкімдік бірлесіп, нақты жол картасын әзірлеген. Мәжіліс барысында басқарма басшысының міндетін атқарушы Тураби Ертай мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы есеп беріп, жобаның кезең-кезеңімен орындалуы туралы баяндады.
Қалада атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатары бүгінде тұрғындар үшін нақты нәтижесін беруде. Мәселен, қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізіліп, жол ақысын төлеу оңтайландырылды. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау үшін бейнебақылау жүйесі орнатылып, қала мектептерінің барлығы 100 пайыз видеокамерамен қамтылды. Бұдан бөлек, 17 жерге орнатылған «SOS» батырмалары тұрғындарға жедел көмек алу мүмкіндігін береді.
Денсаулық сақтау саласында да цифрлық жүйелер тиімді енгізіліп отыр. Қаладағы барлық медициналық мекемелер компьютерлермен және «Дамумед» кешенді ақпараттық жүйесімен толық қамтылған. Бұл — тұрғындардың электронды медициналық карталар арқылы қызмет алуына, дәрігерге жазылу немесе зертханалық талдау нәтижелерін онлайн бақылауға жол ашады.
Сонымен қатар, қалада жарықтандыру мәселесі де шешімін табуда. Қазіргі таңда 845 шақырымнан асатын 800-ден астам көшенің 92 пайызы жарықтандырылып, қауіпсіздік пен жайлылық деңгейі артты. Болашақта бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан «Ақылды қала» жобасы тек облыс орталығымен шектелмей, басқа аудан және қала орталықтарына да үлгі болмақ. Өңір басшысы бұл бастаманың барлық өңірлерде енгізілуі қажеттігін атап, инфрақұрылым жобалары жоспарланғанда «Ақылды қала» критерийлерін ескеруді міндеттеді. Сонымен қатар, осы бағыттағы барлық жобалар облыстық цифрландыру басқармасымен келісіліп жүргізілетін болады.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының «Ақылды қала» ретінде дамуы – тек технологиялық жаңғыру ғана емес, тұрғындар өмірін сапалы, қауіпсіз және ыңғайлы етуге бағытталған кешенді өзгерістердің көрінісі. Цифрландыру арқылы қол жеткізілетін оң нәтижелер қаланың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Жобаның толық іске асырылуы алдағы уақытта Түркістанды нағыз цифрлық орталыққа айналдырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға серпін береді.