Сарыағаш ауданында бүгін «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы шеңберінде және Астана күні мерекесіне орай ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл игі шара аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырумен қатар, туған өлкені таза ұстауға бағытталған ортақ жауапкершілік пен ынтымақтың жарқын көрінісіне айналды.
Таңғы сағат 8:00-де басталған тазалық жұмыстарына аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған әкімдік қызметкерлері, бөлімдер мен мекемелер, 13 ауылдық округ пен қала өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен жастар белсенді түрде атсалысты. Барлық қатысушылар аудан аумағын, республикалық және жергілікті маңызы бар тас жолдардың бойын, ішкі көшелерді, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартуға жұмылды. Сенбілік барысында күл-қоқыстар жиналып, бейберекет тасталған қалдықтар шығарылып, қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, арамшөптер орылды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбілікке жиналғандарды Астана күнімен шын жүректен құттықтап, игі бастамаға қолдау білдіріп отырған барлық азаматтарға ризашылығын жеткізді. Ол өз сөзінде: – Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау, сондай-ақ ауданымыздың тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан аумағында сенбілік жұмыстары қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Бүгінде тазалықты сақтау күнделікті өмір салтына айналдыру қажет. Туған жерімізді таза ұстау өзімізге байланысты, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын!, — деді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – еліміздің барлық өңірінде санитарлық тазалықты сақтап, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру. Бұл ретте Сарыағаш ауданы да белсенділік танытып, жыл басынан бері тұрақты түрде экологиялық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның нәтижесінде аудандағы санитарлық ахуал едәуір жақсарған. Қалалық және ауылдық аумақтарда қоқыс контейнерлері көбейтіліп, көше бойлары мен қоғамдық орындарды күтіп ұстау бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылған.
Сенбілік кезінде тұрғындар тек тазалық шараларына қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын да қабылдады. Жастар мен еріктілер ұйымдастырған флешмобтар мен экологиялық үндеулер акцияның рухын көтеріп, көпшілікке серпін берді.
Сондай-ақ, аудандық коммуналдық қызмет мекемелері техникалармен қамтамасыз етіліп, сенбілікке арнайы жүк көліктері, тракторлар мен тиегіш техникалар тартылды. Бұл шаралар тазалық жұмысын жылдам әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, Сарыағаштағы бүгінгі сенбілік өңір халқының экологиялық мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Бұл — бір реттік шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс игі дәстүр. Алдағы уақытта мұндай экологиялық іс-шаралар жалғасып, елді мекендердің таза, жайлы және қауіпсіз болуы үшін барлық деңгейде жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.