Түркістанда коммуналдық сала қызметкерлері жаңа техникалармен қамтамасыз етіліп, еңбек адамдары марапатталды

Түркістанда коммуналдық сала қызметкерлері жаңа техникалармен қамтамасыз етіліп, еңбек адамдары марапатталды

Түркістан қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылына» және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалар табысталып, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Бұл бастама – өңірдегі инфрақұрылым мен экологияны дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, коммуналдық салада қызмет етіп жүрген азаматтарға алғыс айтып, оларға сәттілік тіледі. Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауын айрықша атап өтті. Бұл бастама – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырумен қатар, ел экономикасының тұрақты дамуына бағытталған нақты қолдау шарасы екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров атап өткендей, биыл Түркістан облысында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 60 пайызға жуығы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Қазіргі таңда өңірдегі 30 колледжде 16 мыңнан астам жас жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бұл – болашақтағы еңбек нарығының қажеттілігін қамтамасыз ететін маңызды көрсеткіш.

Салтанатты жиын барысында облыс басшысы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісін, министрдің «Құрмет» грамотасын бірқатар азаматтарға табыстады. Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те үздік қызметкерлерге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Алғыс хатын тапсырды. Марапатталғандар қатарында дәнекерлеуші, электрші, су маманы, жүргізуші және өзге де қарапайым коммуналдық сала қызметкерлері болды.

Іс-шара шеңберінде Түркістан қаласының коммуналдық техника паркі де жаңартылды. Қазіргі таңда қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-нің 35 техникасы жұмыс істеп жатыр. 2025 жылға арналған жоспар бойынша қаланың коммуналдық меншігіне 29 жаңа арнайы техника сатып алу көзделген. Солардың ішінде бүгінгі күні 21 бірлік техника ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл техникалар қаланың абаттануына, көшелер мен қоғамдық орындардың санитарлық тазалығына оң ықпал етеді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалалардың тазалығын сақтау мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бағдарлама шеңберінде заманауи техникалармен қамтамасыз ету, жұмысшы мамандардың еңбегін қолдау және қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Коммуналдық сала қызметкерлері – күнделікті тіршіліктің тынысын қамтамасыз ететін қарапайым, бірақ аса маңызды еңбектің иелері. Олардың қажырлы еңбегі арқасында қалаларымыз таза, жарық әрі қолайлы болып келеді. Бұл марапат пен техникалық қолдау – сол еңбекке берілген әділ баға және жаңа серпін.

Жиын соңында облыс әкімі еңбек адамдарына зор алғысын білдіріп, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тіледі. Түркістанда коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, тазалық жұмыстарын жүйелеу және жұмысшы мамандықтарын қолдау бағытындағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ