Шардара су қоймасын заңсыз пайдаланған 20-дан астам азамат анықталды

Шардара су қоймасын заңсыз пайдаланған 20-дан астам азамат анықталды

Түркістан облысында су ресурстарын қорғау мақсатында жүргізілген жедел шаралар аясында Шардара су қоймасынан су ресурстарын заңсыз пайдаланған 20-дан астам азаматтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті хабарлады.

Мәселе су тапшылығы өзекті болып отырған шақта ерекше мәнге ие. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету мақсатында арнайы мобильдік топ құрылды. Оның құрамына Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, жергілікті полиция қызметі мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ өкілдері кірді. Бұл топ Су ресурстарын қорғау инспекциясымен бірлесіп, құқық бұзушыларды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды.

Шара аясында Мақтаарал, Жетісай, Келес және Шардара аудандарындағы бірнеше заңбұзушылық деректері тіркелді. Атап айтқанда, Шардара су қоймасының оңтүстік бөлігінде ұзындығы 3,7 шақырым, тереңдігі 1–1,4 метр болатын қолдан қазылған су арығы табылған. Бұл арық арқылы рұқсатсыз суды алу әрекеттері жүйелі түрде жүргізілгені анықталды.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, рейд барысында 140 гектардан астам егіс алқабы заңсыз суарылған. Су қоймасынан Алтай, МТЗ тракторлары мен КАМАЗ, Mercedes секілді көліктердің қозғалтқыштары арқылы сағатына шамамен 480 текше метр су сорылып отырған. Жалпы көлемі 414 миллион текше метр су рұқсатсыз пайдаланылған.

Аталған фактілер бойынша барлық жинақталған материалдар Арал – Сырдария бассейндік инспекциясына жолданды. Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 141-бабы (Су ресурстарын заңсыз пайдалану) бойынша шара қолданылды. Бұл бапқа сәйкес, азаматтар мен лауазымды тұлғаларға айыппұл салу немесе өзге де әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Мұндай жағдайлар ирригациялық маусым кезінде су ресурстарының әділ әрі тиімді бөлінуіне кедергі келтіреді. Сондықтан да мобильді топтың жұмысы тек анықтаумен шектелмей, су ресурстарын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алуға және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Полиция департаменті келешекте осындай рейдтік шаралар жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Шардара су қоймасы – Түркістан облысының маңызды су көзі ғана емес, бүкіл өңірдің ауыл шаруашылығы мен экологиясына тікелей әсер ететін стратегиялық нысан. Мұндағы су деңгейінің төмендеуі жергілікті шаруалардың жұмысына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Осы орайда, су ресурстарын заңсыз пайдалануға «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында қарау – облыс басшылығы мен құқық қорғау органдарының ортақ ұстанымына айналып отыр.

Жергілікті тұрғындарға да су көздеріне ұқыпты қарау, заң шеңберінде әрекет ету, табиғи ресурстарды сақтау жауапкершілігін түсіну қажеттігі ескертіледі. Мұндай бастамалар өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуде маңызды қадам болып табылады.

Алдағы уақытта да Түркістан облысының тәртіп сақшылары мен инспекция өкілдері табиғи ресурстарды қорғау бойынша бірлескен жұмыстарын жалғастырып, заңбұзушылықтардың жолын кесуді басты міндет ретінде қарастырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бірқатар медициналық ұйымдарға барып, өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, БАҚ...

Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына орай «30 жылдық...